Сайлауалды қоғамдық штаб ашылды

– Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады, – деді Президент. Ал кеше «Nur Otan» партиясының Қазалы аудандық филиалының кеңсесінде сайлауалды қоғамдық штабы ашылды. Бұған дейін үгіт-насихатқа дайындық жұмыстары пысықталып, қажетті жабдықтар жеткізілген.
– Бүгіннен бастап Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау мақсатында құрылған қоғамдық штаб жұмысын бастайды. Айта кету керек, штабқа және оның 13 адамнан біріккен мүшелеріне қажетті жағдай жасалған. Алайда биылғы сайлау бұрынғылардан өзгеше қарқында өтпек. Өйткені биыл алғаш рет белсенді әрі жас азаматтарды, ел арасында беделді тұлғаларды жанымызға топтастырдық. Олардың арасынан аудандық сайлау комиссиясы арқылы 30 адам іріктелді. Оның 25-і праймериз жеңімпазы атанып, тағы бес адам партия филиалының квотасы арқылы тізімге алынды.

Мемлекет басшысы сайлау науқаны туралы: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық және «Саяси партиялар туралы» заңында қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді», – деген болатын. Осыны алға тартқан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Роза Асанова штаб мүшелерін белсенді болуға шақырды. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Кәдірхан Еңсепов әңгімесін праймериз жайынан өрбітіп, мұны аудан жастарына берілген мүмкіндік деп қабылдайтынын айтты.
– Алдағы уақытта жұртшылыққа партияның сайлауалды бағдарламасын насихаттап, халықтың қолдауымен жеңіске жетеміз деп үміттенемін. Бастысы, жастар мен ерікті азаматтарды бірге болуға, қиындықты бірге еңсеруге шақырамын, – деді ол.
Айта кетейік, штабтың ресми ашылу салтанатына штаб мүшелері, партиялық тізімдегі үміткерлер мен “Jas Otan” Жастар қанатының ерікті жастары да қатысты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ