Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДА АРА ӨСІРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

АУЫЛДА АРА ӨСІРУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Ара балының мың сан ауруға ем болатын қасиеті бар екені көпшілікке таныс. Тіпті, бала күнімізде ара шағып алса, аталарымыз «шаққанының өзі шипа, енді қыста ауырмайсың» деп жұбататын. Табиғатынан ерекше жаратылған араның қызыққан жанды өзіне баурап әкетер қасиеті өз алдына бір ғылым дерсің. Ал, оны өсіріп- баптап, балын алсаң, толағай табысқа кенелерің хақ.
Хош делік... Құмбазар ауылының тұрғыны Серік Якудаев–ара өсіруді қолға алған омарташы. Ол 42 жыл ветеринария саласында абыройлы қыз­мет атқарып, зейнет демалысына шы­қан. Елге қызмет жасап, тынымсыз тірлік еткен жанға зейнет жасында бос жату ауыр, әрине. Бертін келе, кейіпкеріміз ара өсіру ісін қолға алу­ды ойлап, отбасымен, достарымен ке­ңеседі. Сөйтіп, Қызылорда қаласына барып, омарташылардан сабақ алып, 15 күндей арнайы курстарда оқып қайтады. Ә дегеннен ара шаруашылығы Серік ағаны өзіне баурап алады. Әбден ізденіп, жан-жақты саралаған соң, бар білім-білігін салып, бизнес жоспар дайындайды. Жоспарын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына ұсынады. Көп өтпей-ақ, жобасы үздік деп танылып, кәсіпкерге «Даму» қоры қайтарымсыз грант тағайындайды.
–«Даму» қоры арқылы 1 млн. 275 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған соң, аталған қаржыға 20 ұя «карпат» тұқымды ара мен бал өндіруге қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алдым. Қасыма көмекші ретінде бір жұмысшы бекіттім. Бастапқыда жергілікті ауа райының құбылмалдылығы аралардың үйренісуіне қиындық туғызды. Сондық­тан, оларды 20 күндей қолдан шәрбат дайындап бақтым. Артынша, дарияның жиегіне апарып орналастырдым. Мұн­да оларға азық боларлық жыңғыл, алма, өрік, шие гүлдеп жатыр. Аралар бал жи­науды бастап кетті,–дейді омарташы.
Расымен де, аралар айрықша тір­шілік иелері. Олар бір ұяда бір аналық, бірнеше жүз аталық және 100 мыңнан астам жұмысшы аралар жанұя болып өмір сүреді. Бұдан бөлек, араның ауыз қуысы кішігірім цехқа баланады. Се­бебі, гүлден алған шырынды ұясынан жеткен ауыз қуысында балға айналды­рады. Басты жауы–көгершін, тышқан мен құмырсқа көрінеді. Аралар да өз­дерінің бірнеше ауру түрлерімен ауы­рады. Біздің жердегі аралар көбіне іш ауруымен ауырады деседі. Тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамда осы аталған иіс болса ашуланып, тарпа бас салады. Үнемі қозғалыста болады. Содан да болар, оның ұясының ішінде қысы-жазы 30 - 35 градус температура сақталады. Міне, жоғарыдағы біз білмейтін тың мәлім­метің бәрін кәсіпке ден қойған Серік аға құлшыныспен әңгімелеп берді.
–Араның тағы бір ерекшелігі – тазалықты жақсы көреді және асқан шебер. Тазалықты жақсы көретінің ұяның ішінен бір араның өлексесін, болмаса басқадай қоқыстарды кездес­тірмейсің. Ал, шеберлігі – біз рамкасын жасап, бетіне арнайы жабыстырғыш дәкесін бекітіп қоямыз. Соның үс­тіне аралар алты бұрышты етіп бал жинайтын ұяшықтарын өздері өріп шығады. Бұл жұмыстары адам қолымен жасаса да, мұндай мінсіз шықпас еді ,– деген омарташы, аралардың осындай ерекше қабілетін де тілге тиек етті.
Көз алдымызда аралар осы мезгілден бастап бал жинау үстінде. Мамыр айы­ның ортасынан бастап тамыз айына дейін жиналған балды алуға мүмкіндік бар. Бір ұядан аптасына 6-7 келі бал алынса, бір маусымда 100-200 келіге дейін бал қолға тиеді. Есептей беріңіз!
Өз шаруашылығын бар жан-тәнімен жақсы көретін омарташы бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласынан алыс болмаған. Яғни,1998 жылы мал шаруашылығымен айналысатын «Қо­ғам» шаруа қожалығын құрып, ет бағытында жылқы мен сиыр өсіріп келген. Осы еңбегі үшін 2012 жылы ІІІ дәрежелі, 2013 жылы ІІ дәрежелі, 2015 жылы І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Тірліктің көзін тауып, тынымсыз тіршілік етіп жүрген Серік Якудаев ара шаруа­шылығын одан әрі дамытуды мақсат етіп, бар білгенін баласына үйретіп жүр.
–Мен бұл кәсіпті қолға алғанда толағай табысқа кенелсем деген жоқпын. Құдайға шүкір, балаларымның бәрін үйлі-жайлы қылдым. Өзім де заманымда еңбегіммен халқыма абы­ройлы болдым. Енді осы кәсібім жанданып кетіп жатса, жетім-жесірлерге, мүгедек жандарға, мешітке, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетсем деймін. Бұлай жасауға міндеттімін де. Өйткені, Құрандағы ара сүресінде: «Арадан түскен пайданың он пайызын мұқтаж жандарға, он пайызын туысқандарға көмек ретінде бер» делінген. Және базарға бара қал­саң, түрлі қоспамен жасалып келген сырттың өнімдерін аламыз. Осыны да ескеріп, аудан халқын табиғи таза өніммен қамтамасыз етсем,–дейді Серік аға.
Тыңнан басталған шаруашылық түріне қызығушылық танытушылар көп көрінеді. Омарташы үйренемін деушілерге де үйретуге дайын екендігін айтты.
Иә, қызығы мен шыжығы көп ара шаруашылығы дамып, нарықта Арал­дың балы саудаға салынып жатса, шынымен де, керемет болғалы тұр. Бұл кәсіпті бастаған омарташының еңбегі табысты боларына сеніміміз мол.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.
15 мамыр 2018 ж. 1 953 0