Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан прокуроры брифинг өткізді

Аудан прокуроры брифинг өткізді

Кеше Арал ауданының прокуроры Мадияр Ертарғынұлы Бекпанов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде және құқықбұзушылық профилактикасы, әлеуметтік – экономикалық даму жағдайында құқықтық қамтамасыз ету шаралары бойынша жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.Брифинг форматында өткізілген кездесуде аудан прокуроры алдымен қадағалау аумағындағы қылмыстылық жағдайына тоқталды.
2020 жылы аудан көлемінде барлығы 197 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырмалы түрде қарағанда 94 қылмысқа немесе 32 пайызға төмендеген.
Жалпы қылмыс төмендегенімен, жекелеген қылмыс санаттары өсім алған. Оның ішінде ауыр қылмыстар 124%-ға (25/56), алаяқтық қылмыстары 122,2% (9/20), қасақана ауыр дене жарақатын салу қылмыстары 100 %(0/2)-ға өскен.
М.Бекпанов ауыр қылмыстардың өсім алуына қылмыстық заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, онда кейбір орташа санаттағы қылмыстардың ауыр санаттарға ауыстырылғандығы себеп болғандығын айтты.
Аудан прокурорының мәлімдеуінше алаяқтық қылмыстарының бірден бір түрі – ол интернет ресурстары мен әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық қылмыстары.
Әлеуметтік желі мессенджерлеріндегі түрлі чаттар арқылы ақша айналымына адамдарды тартып, оларды алдап әлеуметтік желі арқылы өздерінің шоттарына ақшаны аудартып алу жағдайлары азаймай отыр.
Аудан көлемінде қылмысқа бейім 400-ден астам адамдардың тізімі жасақталып, тәуекел топтарына жүктеліп, негізінен үш санатқа бөлінген.
Қылмыс жасау тәуекелі жоғары, яғни қызыл санатқа – бұрын бірнеше рет қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасаған және осы күнге дейін түзу жолға түсуге ынталанбағандар.
Орташа, яғни сары санатқа - бұрын бірнеше рет құқық бұзушылық жасаған және түзелуге ынталы, дегенмен қылмыс жасау тәуекелі әлі де жойылмаған тұлғалар.
Төмен, яғни жасыл санатқа – жалпы профилактикалық есепке алынғандар және жоғарыда аталған санаттардан ауыстырылғандар.
Бұл тізімге енгізілгендер ұдайы бақылауда.
Олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, отбасы жағдайына және жеке басы тәртібіне қарай тәуекел санаттары ауыстырылып отырады.
Алаяқтық, мал ұрлығы, есірткінің заңсыз айналымы қылмыстарының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды қылмыстық құқық бұзушылықтан қорғау мақсатында аудан көшелерінде билбордтар ілініп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бағыттағы шаралар үздіксіз жалғасын табуда.
Кездесу барысында аудан прокуроры әлеуметтік-экономикалық және басқа да салалардағы заңдылықты қадағалау бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Брифинг соңында баспасөз өкілдерінің сұрақтарына нақты жауаптар берілді.

"Толқын" ақпарат
29 қаңтар 2021 ж. 576 0