Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Игі бастамалар – ел игілігіне (Есепті кездесу)

Игі бастамалар – ел игілігіне (Есепті кездесу)

Бүгін дәстүр бойынша Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың халық алдындағы есепті кездесуі басталды. Өткен жылға баға беріп, алдағы міндеттерді айқындайтын жыл жігіндегі жүздесу жылдағыдан өзгеше форматта өтті.

Елдегі пандемиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өткен жиында шалғайдағы елді мекен тұрғындары ZOOM платформасы арқылы аудан әкімінің есепті баяндамасын тыңдауға, өткен жылы істелген жұмыстардан хабардар болуға, алдағы міндеттерді айқындауға және ұсыныс-пікірлерін жеткізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Youtube арнасында тікелей эфирде көруге мүмкіндік алды.
Бүгін Аққұм, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Сазды, Мергенсай және Қосаман ауылдық округтері тұрғындарымен есепті кездесу өтті. Онлайн форматтағы кездесу аудан әкімі М.Оразбаевтың баяндамасымен басталды. Былтыр пандемияның ушығуына қарамастан аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы инвестиция, қаржы-салық саясаты, өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму, шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы саласы бағытындағы толымды тірліктерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, экология, егін шаруашылығы, баға тұрақтылығы, аудан жұртшылығының ата кәсібі балық шаруашылығымен қатар құрылыс, газдандыру, жұмыспен қамту және өзге де бағытта істелген жұмыстардың есебін берді. Баяндама соңында аудан басшысы алдағы міндеттерді кеңінен айтып, мемлекеттік, салалық бағдарламалардың жүзеге асуы, 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарындағы ауданға қатысты жобаларды іске асыру, COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу, өзге де маңызды мәселелер үнемі басты назарда болатынын жеткізді. Есепті кездесу одан әрі ұсыныс-пікірлермен жалғасты.
Тағы оқыңыз: Аралда кәсіпкерлік қарқынды дамуда
Аталған ауылдық округ тұрғындары 2020 жылы аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстардың куәгері ретінде оң бағасын беріп, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі. Табысты түйінделген жылдың игілігін сезініп отырғандығын айта келе, тұрғындар өз сауал жолдады. Осы мәселелерге тоқтала кетсек.
Халықтың қалауы:
Аққұм. Аққұм ауылдық округі – бүгінде тіректі елді мекендердің бірі. Халық саны жағынан да алдыңғы қатардағы ауыл. Бала саны жыл санап артып келеді. Бірақ балабақшаның бүгінгі жайы халықты алаңдатады. Сонау 1971 жылы салынған бұл ғимарат бүгінде апатты жағдайда. Осы мәселенің оң шешімін табуына ұсыныс білдірді. Сондай-ақ ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе деген де тілектері бар.
Қарақұм. Қарақұм ауылдық округі – бүгінде алдыңғы қатарлы округтердің қатарында бірі. Қарақұмдықтардың әл-ауқаты жоғары. Қай салада болса да аудан дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қарақұм жұртшылығының басты сұрауы – мәдениет үйі. Тозығы жетіп, апаттық жағдайда тұрған қазіргі мәдениет ошағы өнерге бейім жастардың жетілуіне, өнер үйренуіне кедергісін тигізбей қоймайды. Аудан басшысының назарына осы мәселені ұсынып, шешілу жолын сұрады.
Жіңішкеқұм. Шалғайдағы ауылдың да шаруасы ширақ. Дегенмен тоқабайлықтарды ауызсу мәселесі мен спорт мектебінің қазіргі жағдайы алаңсыз қалдырмады. Осы уақытқа дейін былғары қолғапты серік еткен көптеген жас жеткіншектерді тәрбиелеп шығарған спорт мектебіне жөндеу жұмысы жасалса деген ұсыныстары бар.
Сазды. Сазды тұрғындарының ұзақ жылдан бергі маңызды мәселесі ұялы байланыс желісінің жоқтығы еді. Міне биыл бұл қиындық артта қалды. Ұялы байланыс орнатылды. Осы мәселенің оң шешім тапқанына саздылықтар ризашылығын білдірді. Десе де көшеге жарықтандыру жұмысы жүргізілсе дейді.
Мергенсай. Аудан орталығынан 60 шақырымдай жерде орналасқан бұл округ тұрғындардың негізгі кәсібі – мал және балық шаруашылығы. Теңіз жағасындағы ауылдың азаматтарын толғандыратын мәселе – жол қатынасы және Тастүбек елді мекеніне ауыз судың жетіспеушілігі. Бүгінде балық шаруашылығына елеулі үлес қосып отырған ауылдықтар үшін ауланған балықты аудан орталығына жеткізу, жолаушылар автобусының қалаға қатынауы қиындық тудырып отыр. Ал Мергенсайға қарасты Тастүбек елді мекеніне су жеткізетін арнайы көліктің бұзылуына байланысты ауызсудан тапшылық көретін кездері де бар. Тағы бір айта кетерлігі, жедел жәрдем көлігі де мәселе айналған.
Қосаман. Қосаман ауылдық округі жұртшылығы есепті кездесуде ауызсу тапшылығын басты мәселе етіп көтерді.
Көңілге қонымды жауап:
Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аталған жағдайлардың барлығынан толықтай хабардар екендігін айтты. Аққұм ауылдық округіндегі балабақша мәселесін жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында шешу жолы қарастырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ көгілдір отынға байланысты да бірқатар жобалар бар. Бұл – уақыт еншісіндегі жұмыс. Ал қарақұмдық және жіңішкеқұмдық тұрғындардың мәселесі де алдағы уақытта оң шешімін табады. Мергенсай тұрғындарына қуанар күн алыс емес. Кезең-кезеңімен жол қатынасын шешудің жолдарын қарастыруды жауапты азаматтарға жүктеді. Сондай-ақ аталған ауылдардағы ауызсу қиындығын шешуді уақыт өткізбей қолға алу қажет екенін баса айтты. Жауапты мекемеге жаңа ауыз су таситын көлікті алдыруға жағдай жасау қажеттігін ескертті.

"Толқын" ақпарат


29 қаңтар 2021 ж. 471 0