Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыстық жағдайлардың алдын алу және болдырмау мәселесі талқыланды

Қылмыстық жағдайлардың алдын алу және болдырмау мәселесі талқыланды

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің 2020 жылдың 12 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы бойынша жиын өткізілді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов жүргізді.
Алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ә.Өтегенов аудан көлемінде орын алған қылмыстар және олардың алдын алу, жолын кесу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы хабарлама жасады.
Биылғы жылы алаяқтық, мал ұрлығы сынды бірнеше қылмыс түрлері өсім алған.
Одан соң аудандық прокуратураның прокуроры Р.Нұрлыбаев қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша баяндама жасап, жаңа Заңға сәйкес енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттемеден кейін өткен жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2020 жылдың 31-і желтоқсанында қолданысқа енгізілді.
Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді.
Мұнан кейін учаскелік полиция инспекторлары өздеріне қарасты аймақтағы орын алған қылмыстарға тоқталды.
Хабарламашылардан соң сөз алған облыстық полиция департаменті бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ахметов Ерлан учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен етене жақын болуы қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының, алаяқтықтың, жасөсіпірімдер арасындағы құқық бұзушылық әрекеттерін болдырмау бағытындағы шараларды күшейтуді және өзге аудандар тәжірибесін енгізуді ұсынды.
Жиынға қатысқан аудан ардагерлері қозғалған мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
27 наурыз 2021 ж. 446 0