Сенатта әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау ұсынылды

Оның сөзінше, біз мемлекет ретінде әрқашан бейбітшілік жолын таңдаған елміз. Ұлы дала төсінде еркін өскен елміз. Табиғаты да, пейілі де таза елміз. Ата-баба аманатымен ұлықтаған елміз. Тәуелсіздіктің рухы да осы бабалар сөзімен ұштасады.
Ұлттық менталитетті дамыту үшін жаңа көзқарастар, жаңа бағдарламалар қажет. ХХІ ғасырда рухы биік әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай кемел ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Әрі жастарды ең бастысы – еңбекқорлыққа тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл - ең маңызды мәселелердің бірі, - деп түсіндірді депутат.
Қазір коронавирус індетіне қоса, экономикалық-әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да таратыла бастады.
Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы тез арада таратып жібереді. Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау қажет. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшыларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет, - деп есептейді Бақытжан Жұмағұлов.
Депутаттың айтуынша, жаһандану кезінде кейбір жастар шетелдік жағымсыз құндылықтар ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды.
Мәжбүрліктен емес, сананың улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Осылай жаһандық когнитивті технология бұқаралық санаға әсер ету құралына айналып отыр. Біз үшін еліміздің өркендеуі ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына, - деп айтты ол Сенатта.
baq.kz