Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық төтенше жағдай бөлімінің өкілдері брифинг өткізді

Аудандық төтенше жағдай бөлімінің өкілдері брифинг өткізді

Кеше Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бас қосқан сала мамандары жыл басынан бері орын алған өрт оқиғаларына сипаттама беріп, өрттің шығу салдарын ашып айтты.
Брифинг барысында Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Айдос Мұратұлы және Арал ауданының №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Заур Қалжанұлы аудан көлемінде орын алған өрт оқиғалары бойынша баяндама жасап, туындаған сауалдарға жауап берді.
Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ауданымызда барлығы 11 өрт және 3 өртке жатпайтын жану оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37,5%-ға артқан. Өрттен келген материалдық шығын 476100 теңгені құрап отыр. Орын алған өрт оқиғалары уақытылы оқшауланып, басқа да нысандарға тарауға жол берілмей толыққанды жойылған. Атап өту қажет, орын алған өрттердің салдарынан қаза болу және жарақат алу фактісі әзірге тіркелмеген. Жалпы саралай келгенде өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын секторда орын алып отыр.
Сала мамандары өрт оқиғалары негізінен қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан, пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан және азаматтардың жылыту қондырғыларына немқұрайлы қарауына байланысты орын алып келеді дейді. Сонымен бірге үйлер мен пәтерлерді жылыту үшін көбінесе қолдан жасалған жылытқыштарды қолданудың да өрттің пайда болуына үлесі зор екендігін баса айтты.
«Жыл сайын күзде күн суыта бастағанда және жылыту маусымы басталмас бұрын өрт қауіпсіздік айлығы жүргізіледі, рейд кезінде бөлім қызметкерлері аулаларды аралап үгіт-профилактикалық жұмыстарын күшейтеді. Жыл басынан бері қызмтекерлер аудан бойынша барлығы 5786 тұрғын үйді аралап, 30525 азаматқа тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін сақтау іс-шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арнайы үн-парақтарын таратты», – деді аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Заур Қалжанұлы.


"Толқын" ақпарат
10 сәуір 2021 ж. 827 0