Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Брифинг: Індеттің алдын алу – маңызды мәселе

Брифинг: Індеттің алдын алу – маңызды мәселе

Жаһанды жайлаған пандемия біздің ауданымызды да айналып өткен жоқ. Осы орайда бүгін аудан әкімі М.Оразбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы бас қосып, аудандағы эпидахуал, вакциналау барысы, алдын алу жұмыстары туралы кеңінен баяндады.Баспасөз мәслихатында аудан басшысы індетке шалдыққандар жөніндегі көрсеткіштерге тоқталып өтті. Сонымен қатар коронавирус инфекциясының алдын алу бағытында қабылданған шаралар мен жұмыстардың жай-жапсарын, вакциналау барысын кеңінен тарқатып өтті.
Нақтырақ айтқанда жыл басынан бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясы бойынша ауданда 57 адам тіркелген. Қазіргі таңда провизорлық стационарда 4 адам ем алып жатса, 23 адам үй карантинінде. Ал, қалған 18 адам індеттен жазылып шыққан. Сонымен бірге ауырған адамдармен байланыста болған 191 адам үй карантиніне алынған.
Індетпен күрес бағытында қабылданған шараларға келер болсақ, бүгінгі күнге жұқпалы аурулар бөлімшесінен 25 орын, жүйке аурулары бөлімшесінен 100 орын төсек қоры дайындалған. Бұған қоса, Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясынан 25 орын және Сексеуіл ауылдық ауруханасынан 25 орын, барлығы 175 төсек орын қоры жасақталып отыр.
Жалпы ауданы көлемінде орналасқан 12 дәріханада халық көп тұтынантын дәрі-дәрмектердің қоры жеткілікті деңгейде.
Қауіпті індеттен сақтандыру бағытында жүргізілген жұмыстарға келер болсақ, жыл басынан бері 307 кәсіпкерлік нысанға және коммуналдық мекемелерге санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар аудан көлемінде індеттің алдын-алу және таралуын болдырмау мақсатында дыбыс күшейткіш құрылғысы арқылы тұрғындарға хабарлама жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық мәліметтер беру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Дегенмен, карантин талаптарын бұзу фактісі бойынша жыл басынан бері 27 тұлғаға санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл салынған.
Ккоронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстарына келер болсақ, үстіміздегі жылдың наурыз айында ауданға "Спутник V" вакцинасының алғашқы дозалары жеткізіліп, коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары басталған болатын. Вакцинацияның бірінші кезеңінде аралдықтарға 210 доза екпе салынды. Ауданымызда егу жұмыстары алдымен инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары сала мамандарына салынды. Ағымдағы жылдың 14 сәуірінде ауданға "Спутник V" вакцинасының 900 дозасы жеткізілді. Вирусқа қарсы егу шарасына құқық қорғау, білім, медицина қызметкерлері және жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар мен кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысуда.
Атап өту қажет, аудан бойынша вакцинациялау жұмыстары "А.Байтұрсынов" ауылдық емханасында санитарлық талаптарға сай 2 егу бөлмесінде жүргізілуде.
Осылайша аудандағы коронавирус инфекциясының алдын алу бағытындағы жұмыстарды тарқатып өткен аудан басшысы брифинг соңында тілшілер тарапынан түскен сауалдарға толыққанды жауап берді.
- Жалпы бүгінде коронавирус індетінің алдын алу бағытындағы жұмыстар күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелер санатында. Осы орайда қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауға алынып, күнделікті менің назарымда болады, – деді аудан әкімі М.Оразбаев.
"Толқын" ақпарат 

16 сәуір 2021 ж. 469 0