Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қаладағы бірқатар нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы бірқатар нысандарды аралады

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Тиісті сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі және де бөлім басшылары аудан басшысына атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жөнінде мағлұматтар берді.
Аудан әкімі ең алдымен аудан бюджеті есебінен салынып жатқан шағын стритбол, 12 тренажерлық снарядтар мен балалар ойын алаңының құрылыс-монтаж жұмыстарымен танысты. Құрылыс басына арнайы барып, жоспарланған жұмыстардың жай-жапсарына қаныққан аудан әкімі аудан жұртшылығының, балалардың игілігіне бағытталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын тапсырды. Аталған аумақты көгалдандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар «Тәуелсіздік» алаңының аумағында ретке келтірілуі тиіс деген бірқатар мәселелерді атап өтіп, қажетті жұмыстарды қолға алу керектігін айтты.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік» алаңының аумағында жүріп жатқан құрылыс алаңында қазіргі таңда балалар ойын алаңына қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған нысан алдағы шілде айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Аудан басшысы одан әрі «Қанағат» коммуналдық базарына табан тіреп, халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры мен бағасын білу мақсатында аралап шықты. Сауда базарында кәсіп иелерімен жүздесіп, ахуалды бағамдаған аудан әкімі баға тұрақтылығын сақтау бірінші кезекте екендігін жеткізді. Бұл бағытта қажетті шараларды қабылдау жөнінде тиісті сала басшыларына және коммуналдық базардың бастығына арнайы тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тұтынушылармен тығыз қарым-қатынастағы кәсіп иелеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтап, індетке қарсы екпе қабылдаудың маңыздылығын ескертті.

Мұнан соң Ә.Нұрпейісов атындағы музей үйіне ат басын бұрған аудан әкімі Серік Сермағамбетов ауданның ардагер ақсақалдарымен бас қосты. Кездесу барысында ардагерлер өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, аудандағы назар аударуды қажет ететін мәселер жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Тиісінше аудан басшысы аудан игілігіне бағытталған кез-келген ұсыныстар ескеріліп, өңірді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретіндігін жеткізді.





"Толқын" ақпарат
29 мамыр 2021 ж. 498 0