Аудан әкімі С.Сермағамбетов Аққұм округіне жұмыс сапарымен барды
Аудан басшысы ең алдымен Шижаға ауылының кіреберісінде орналасқан «Б.Тәңірбергенұлы» атындағы мәдениет үйіне табан тіреп, ауыл ардагерлерімен жүздесті. Ауданға келген жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, баталарын берген ауыл үлкендері кездесу барысында огруг көлеміндегі бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Атап айтқанда тұрғындардың басты тілегі ауылдан жаңа балабақша ашу және көгілдір отынға қосылу. Бұдан бөлек өңірдегі құрғақшылық мәселесі де жергілікті жұртты алаңдатып отырғаны белгілі болды.
Аталған мәселелер басты назарда екендігін айтқан аудан әкімі бұл бағытта қолда бар мүмкіндіктерді қарастыру жұмыстары жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ қуаңшылық мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қабылданған шешімдер жайын егжей-тегжей баяндап өтті.
Одан әрі 2019 жылы ел игілігіне берілген мәдениет үйіндегі «тоғызқұмалақ» және «Жақсан жырау жыр терме» үйірмелерімен танысқан аудан басшысы үйірме қатысушыларымен дидарласып, талаптарына сәттілік тіледі.
Мұнан соң ауылдағы «Е.Көшербаев» атындағы №57 орта мектебіне және «Ақбұлақ» балабақшасына ат басын бұрған Серік Сағитжанұлы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп отырған мекемелердің жай-күйімен танысты.
Білім ошағын аралау барысында жазғы мектепке қамтылған оқушылармен жүздесіп, 11 сыныпқа қадам басқан оқушылармен болашақ мамандық таңдау жайында пікір алмасты. Осы орайда келешек ауданда тапшы мамандықтарды соңғы бес жыл негізінде зерделеп, қажетті мамандарды даярлау мақсатында мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру жөнінде салаға жауапты орынбасары мен аудандық білім бөлімінің басшысына арнайы тапсырма берді.
Сапар барысында № 26 сайлау үйі де назардан тыс қалмады. Алдағы ауылдық округ әкімін сайлау науқанына дайындық жайы пысықталды.
«Е. Көшербаев» атындағы музейге де арнайы бас сұққан аудан басшысы мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шерткен мұражаймен кеңірек танысып өтті.
Аудан бойынша тіректі елді мекен саналатын округтегі сапар соңында ауыл іргесіндегі Аққұмшық басында болған аудан әкімі аумақты туризм бағытына икемдеу жайын қарастыру жөнінде ұсыныс беруді тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі