Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұр-Сұлтан мен Елбасының тағдыры тамырлас

Нұр-Сұлтан мен Елбасының тағдыры тамырлас

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған Тәуелсіздіктің Туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнап, өзінің қазақстандық даму жолын таңдады. Ал әлемдік аренада Нұр-Сұлтандай алып шаһардың іргетасын қаланды. Жаңа Астананы Арқа төсіне көшіру секілді саяси шешімдерінің арқасында бас қала бүгінде мызғымас бірлік пен көпке үлгі болар татулықтың символына айналды. Мұндай бастаманың артында тағдырлы шешімдер мен саяси беделдің жатқаны түсінікті. Демек осындай жолды таңдаған Нұрсұлтанның Нұр-Сұлтанмен (Астана) тағдыры тамырлас деуге әбден толық негіз бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Бара білген саяси тәуекелдерінің арқасында әсем қала тарихи шешімдердің қолтаңбасына айналды.
Заманның қиын уақытында басталған саяси мансапты Елбасы үшін жеңіл болды ешкім айта алмас. Себебі тәуелсіздік деген құндылыққа енді ғана қол жеткізген елде өзгеге көрсетіп мақтанатындай, мысын басып көрсететіндей ештеме болмады. Алайда елдің келешегін сол кезден бастан кемел етуді көздеген Ұлт Көшбасшысы талай мәрте тағдырлы шешімдерге барды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей шексіз, шетсіз жатқан шегараны шегендеді. Барлық көрші мемлекеттермен келісе отырып, жер мәселесінде қазақтың бір тілім жерін өзгеге бермеді. Бұл саясат сахнасына енді көтерілген жас көшбасшысы үшін тарихи ерлік десе де жарасқандай.
«Qazaqstan» телеарнасы көрермендер назарына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сұхбатына негізделген «Nur-Sultan. Қолтаңба» атты деректі фильмді ұсынбақшы екен. Айтулы жобаның негізгі мақсаты 6-шілде Астана күні мерекесі тұсында сәнді шақардың авторына айналған Елбасы жолына, қабылдаған саяси, салмақты шешімдері жайында болмақ. Яғни, Елбасы сұхбат барысында елорданың өткені мен болашағы туралы сауалдарға жауап бермек. Сұхбат барысында Елбасы: «Ел астанасын орталыққа көшіру туралы шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Көпшілік қарсы болды. Республика астанасы ретінде қарастырған қалалар тізімінде Алматы, Ақтөбе, өзім жиырма жыл қызмет еткен Қарағанды бар еді. Бірақ қазіргі шешіміме өкінбеймін. Астана елдің басын біріктірген үлкен шаһарға айналды. Жоспар бойынша 500-600 мың тұрғыны бар әкімшілік қала болуы тиіс еді, бірақ қаланың өмірін тоқтатуға болмайтынын түсіндік», - деп, Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі мегаполис ретіндегі тыныс-тіршілігі мен халық өміріндегі маңыздылығын атап өтеді.
Сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев саяси тәуекелдерге бару себебін, елорда халқының болашақтағы шекті саны, келешекте қала тұрғындарына жасалатын игіліктер мен қала құрылысына қатысты жаңа жоспарлар туралы баяндайды. Жоба аясында қазақстандық сәулетшілер, қаладағы ерекше нысандарды салуға атсалысқан Аманжол Чиканаев, Серік Рустамбеков, Байғұтты Тортаев, британиялық архитектор Норман Фостермен жүргізілген сұхбат та жарыққа шықпақ.
Жалпы, біз Қазақстандағы қалалар көшін бастаған Нұр-Сұлтан қаласымен мақтануға тиіспіз. Себебі Елбасының бұл жолда жасаған таңдауы тарихтың жаңа дәуіріне жол ашқан тәуекел шешім болды. Шын мәнісінде Н.Назарбаев саяси тағдырын осы жолда бәйгеге тіккен бірегей тұлға ретінде тарихта қалары сөзсіз.

Г. ЖҮСІПОВА,
Арал көпсалалы колледжінің мұғалімі
06 шілде 2021 ж. 269 0