Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің аудан халқына Үндеуі
Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің қазіргі күрделенген эпидемиологиялық ахуалға сәйкес аудан халқына арнаған Үндеуі
Қадірлі ағайын! Қымбатты жерлестер!
Республика көлемінде, оның ішінде біздің облысқа да мутацияланған «Үнді» штамының енуіне байланысты ауру күннен-күнге артып, эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Соңғы кездері аурудың басым көпшілігі клиникалық белгілерімен ауыр ағымда анықталуда. Соған сәйкес біздің ауданымызда да жағдай мәз емес. Мәселен, осыдан бір ай бұрынғы көрсеткіш бойынша індетке шалдыққандардың саны 140 болған болса, қазіргі таңда коронавирус инфекциясына шалдыққандырдың саны 206-ға жетіп жығылды. Ескере кететін жайт, науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгі нәрестелер мен жүкті әйелдер де анықталуда. Соңғы тәуліктің өзінде ауданымызда 8 науқас тіркеліп, бұл көрсеткіш соңғы 3 тәулікте қайталанып тұр. Індет жұқтырғандардың барлығы дерлік коронавирус инфекциясына қарсы егілмегендер қатарынан екендігі анықталып отыр.
Эпидемиологиялық ахуалдың осылай қиындай түсуі бірінші кезекте тұрғындарымыздың қауіпсіздік шараларын сақтамауы, ел ішіндегі карантин тәртібін елемеуі болып отыр.
Індеттің кесірінен талай адам қаншама жақын-жуық, туған-туыс, қимас жандарынан айырылып қалса да, қаншама адам сол аурудың зардабын әлі тартып жатса да жиын-тойлардан тыйылар түріміз жоқ. Тиісті сала мамандары тарапынан қанша ескерту жасалып, шектеу шараларына сәйкес айыппұл салынып жатса да, тұрғындарымыздың ахуалға жүрдім-бардым қарауы, бейқамдығы қынжылтады. Себебі, түрлі басқосулар мен салт-дәстүрге байланысты жиындардың кесірінен ауруға шалдыққандар саны күн санап артып, зардабын айналасындағылар тартып жатқаны жасырын емес.
Біз әлде де індеттің қауіптілігін тереңінен сезінбей, дәл осылай немқұрайлыққа салына беретін болсақ, жағдай тіптен күрделене бермек.
Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда елімізде тәж вирусын жұқтырғандардың саны тым артып отыр. Осы орайда ҚР-ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №31 қаулысы қабылданып, коронавирус індетінің алдын алу бағытында меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар вакцинациядан өтуі қажеттігі нақты белгіленді.
Себебі, бұл індетті еңсерудің бірден бір жолы – індетке қарсы екпе қабылдау. Алайда қоғамда әлі де болса вакцина туралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина туралы небір жағымсыз ой-пікірге сеніп алған. Сондықтан желіде тараған кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сенген дұрыс.
Жалпы, вакцина – организмде иммунитет қалыптастыру үшін салынатын биопрепарат екенін жете түсінуіміз керек. Мәселен, ғылым-білімі озық дамыған, Нобель лауреаттарын көптеп түлеткен Израиль елі ештеңеден бейхабар халық деп айта алмайсыз. Халқының 60 пайызы вакцина алып, қазір індетті жеңдік деп жариялап жатыр. Ал 1,5 млрд-қа жуық халқы бар Қытай елінің 80 пайызы бүгінде толықтай екпе қабылдаған. Сондықтан қауіпті індетке тұсау салу үшін бізге негізсіз алып-қашпа әңгімелер кедергі болмауы тиіс.
Құрметті аудан тұрғындары!
Індеттің күннен-күнге ушығып, қауіптің еселеніп бара жатқанына баршамыз куәміз. «Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Ол үшін қарапайым карантиндік талаптарды бұлжытпай орындап, көпшілік орындарда бетперде тағып, арақашықтықты сақтап, енгізілген шектеулерге мойынұсынып, ең бастысы індетке қарсы вацина қабылдауымыз қажет. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
Талап сақталмаған жағдайда мемлекетіміздің заң талаптарына сәйкес қатаң режимге көшетін боламыз. Сондықтан қалыпты өмір салтына көшіп, мамыражай тірлігімізге оралу үшін ас беру, той-думан, көпшілік бас қосатын өзге де іс-шаралардан уақытша тыйылып, санитарлық тазалықты сақтауға, бетперде тағуға қатты көңіл бөлуге шақырамын.
Әлемді дүрліктірген пандемиядан еліміз аз зардап шеккен жоқ. Бір жылдың ішінде қаншама отбасы қара жамылып, арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Былтырғы жағдайдың қайталанбауы үшін дәрігерлер кеңесіне жүгініп, дұрыс шешім қабылдауға шақырамын. Ауызбіршілігіміздің арқасында бұл сыннан да сүрінбей өтеміз деген сенімдемін!