Аудан әкімі жұмыс сапарымен Райым ауылдық округінде болды
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Райым ауылдық округіне барды. Алдымен Қызылжар елді мекені аймағындағы Бектау каналына жүргізіліп жатқан тазарту жұмыстарын көрді.
Аталған каналдың Ақшатау көлдер жүйесі мен 15 гектар аймақты құрайтын жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін маңызы зор. Қазіргі таңда облыс бюджеті резервінен бөлінген қаржы есебінен каналды тазалау жəне су тоспасын салу жұмыстарын "Сəт сервис" компаниясы жүргізуде.
Мердігер мекеме өкілдерімен кездескен аудан басшысы қажетті жұмыстарды сапалы әрі тиянақты жүргізіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Одан соң аудан басшысы Шөмішкөл елді мекеніндегі №66 орта мектебінде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, ауылдағы өзекті мәселелер жөнінде сөйлесті. Ауыл тұрғындары аудан басшысына жол мәселесі мен электр қуатын арттыратын трансформатор орнату және жайылымдық, шабындық алқаптарды суландыру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Аудан басшысы аталған білім ошағын аралап, жаңа оқу жылына және жылу маусымына дайындық шараларын бақылап шықты. №66 орта мектебіне жаңа оқу жылында 139 оқушы қабылданады деп жоспарлануда.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі