Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенаторлардың оңтүстік ауданға сапары

Сенаторлардың оңтүстік ауданға сапары

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова облыстың оңтүстік ауданында болды. Алдымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойындағы заманауи қызмет көрсететін орталық – «Жан-Арай» ЖШС сервистік кешеніне аялады.
Бірегей сервистік кешен­нің жұмысымен Нұрдәулет Мақашов таныстырды.
– 2019 жылы 10 гектар жерге алма көшетінің үш түрін отырғыздық. Биыл 50 гектарға ұлғайтып, онда алманың «Голден», «Джонатан», «Ренет симиренко» түрін қостық. Келер жылы ал­ғашқы отырғызған алма өнім береді. Өнімді сақтап, өңдеу маңызды. Осы себепті сақтау және өңдеу қоймасын көтердік. Көп ұзамай іске қосамыз, – деді.
Халықаралық жол бойын­дағы сервистік кешен туристік қоз­ғалыстың да­муына да оң әсер етіп, қосал­қы шағын бизнес көздерінің қалып­тасуына жағдай жа­сайтын болады. Яғни, кешен төңірегінде кластерлік биз­нес дамиды. Сенаторлар осы бағыттағы жүйелі жұ­мыс­тарды көзбен көріп, тілектестік білдірді.
Одан кейін «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды. Қазір фабриканы іске қосу үшін құрылыс қарқынды жүруде. Жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіреді деп күтілуде. Бұл – Сыр өңіріндегі тауық өніміне деген сұраныстың 33% қанағаттандырады деген сөз. Мұнда 12 құс ұстайтын блок болады. Әрқайсысында 20-25 мыңға дейін тауық ұстауға болады. Бастысы 100-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Депутаттар «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-на қарасты тұқым бақтағы бау-бақша өндірісін де көрді. Мұнда төрт жыл бұрын жеміс ағаштарының тұқымы себілген. Оның 95 проценті өніп тұр. Будандастыру жұ­мысының нәтижесінде қазір алманың 14, жүзімнің 6, өрік­тің 5, алхорының 4, шие мен алмұрттың 2 түрі бар. Гүлдің де, ағаштың да түр-түрі бар. Тіпті тропикалық, субтропиктік белдеуде өсетін бамбукты да жерсіндіруді қолға алған. Алдағы уақытта табиғи шырын мен тосап жасап шығаратын цех ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ грек жаңғағын жерсіндірген. Сәндік ағашының 10-ға тарта түрі өсіп тұр. Тұқымбақ «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, мем­лекеттен жеңілдетілген қаржы алуына мүмкіндігі бар. Яғни, кәсіп­кер серти­фи­катталған кө­шет­ке Үкіметтен субсидия ала алады.
Сенаторлар «Премиум Класс-Строй» ЖШС-ның әк зауытында да болды. Шикізатты өңдеу – табыстың көзі десек, серіктестік тастан әк шығарып, қысы-жазы өнім өндіріп отыр. Онда тәулігіне 240 тонна әктас өндіріледі. Бүгінде 8 пешке сағатына 1500 куб «көгілдір отын» жұмсалады.
Әктің бағасы қолжетімді. Бір келісі 30-33 теңгеден айналады. Бастысы, сапа­сы өте жоғары. Сон­дық­тан «Қазақмыс», «Қазақ­алтын» және т.б ірі-ірі компаниялардан сұраныс көп. Оны игеруге мүмкіндік болмай жатыр. Егер тағы 1500 куб газ алуға мүмкіндік болса, тәулігіне әктас өндіруді 500 тоннаға дейін жеткізіп, қосымша 40 адамды жұмыспен қамтып, сұранысты игеруге мүмкіндік артады. «Көгілдір отынның» мөлшері артса дейміз, сосын «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ баратын темір жолдан әк зауытына келетін тұйықтық жасау да маңызды.
Жаңақорған ауданына сапарда сенаторлар «Түгіс­кен ТҚ» ЖШС күріштік алқабының жұмыс бары­сымен де танысты.
Серіктестік төрағасы Нематулла Рүстемовтің сөзін­ше, өнім­ділікті арт­тыруда техникаға арқа сүйейтін уақыт келді. Үш жыл бұрын Қытайдан ауыл­шаруа­шылық жұмыстарын өң­дейтін дрон алдық.
Құрылғы ар­қы­лы егістіктің қай учаскесіне ми­нералды тыңайтқыштар мен гербицид беру қажеттілігін анық­тап, дәл мөлшерде бердік. Біріншіден, шығынды азайтуға, екіншіден, өнім­ділікті арттыруда септігі мол.
Серіктестік 504 гектар жерге дәнді дақылдың дәнін тастады. Оның ішінде, «Маржан» (50 га), «АйКерім» (88 га), «Лидер» (366 га) тұқымына басымдық беріпті.Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Шәріпбайқызы аудан активімен кездесуді де ұмытпады. Әрине, елде мәселе көп, бірақ түйінді тарқататын ымыра мен нақты қадам үйлескен жерде ілгерілеу өрісті бола бермек.
Кеше Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Арал ауданында болды.

syrboyi.kz
21 тамыз 2021 ж. 326 0