Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенат депутатының жұмыс сапары ауылдық округтерде жалғасты

Сенат депутатының жұмыс сапары ауылдық округтерде жалғасты

Күні кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен табан тірегенін айтқан болатынбыз.

Бүгін Сенат депутаты аудан орталығында өткізілген жәрмеңкеге куә болып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысын бағамдау мақсатында Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясына бас сұқты. Білім ошағын аралап шыққан М.Бахтиярұлына салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов және аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова алдағы жаңа оқу жылына аудан толықтай дайын екендігін айтып, бұл бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті.

Жұмыс сапары одан әрі ауданға қарасты Аралқұм ауылдық округінде жалғасты. Алдымен елді мекендегі №61 орта мектебінің алаңында ауыл ардагерлерімен жүздескен М.Бахтиярұлы жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігінен хабар алып, қуаңшылық мәселесі бағытында ой бөлісті. Мұнан соң мектеп ғимаратын аралап көріп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын пысықтады,

Одан әрі Аманөткел ауылына жол тартқан Сенат депутаты алдымен ауыл үлкендерімен амандық сұраса келе, елдегі қазіргі ахуалды еңсеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы пікір алмасты. Сыр беттегі жұртшылық үшін маңызы зор «Бұрмақұлақ» учаскесіне барып, Сырдария арнасын бөгеу және «Аспай» суағытқысын жөндеу жұмыстарымен танысты. Осы тұста аудан басшысы С.Сермағамбетов «Аталған құрылыс жұмыстары толық жүзеге асқаннан кейін «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін толтыру және Аманөткел, Райым, Жетес би, Қамыстыбас, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жайылымдық, шабындық жерлерін суландыруға мүмкіндік туады» деп жобаның маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Сапар соңында Сенат депутаты Қамыстыбас ауылдық округіне аялдап, Қамбаш көлінің жағалауында қуаңшылық жағдайына байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен стенд арқылы толықтай танысып шықты. Осы тұста аудандағы уақытша қиындықтардың тезірек артта қалып, жоспарлы жұмыстардың сәтімен жүзеге асуына қолдау білдірген М.Бахтиярұлы ауданға су ұңғымаларын қазу жұмыстарының мемлекет тарапынан жүзеге асырылуына атсалысатындығын жеткізді.






Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

22 тамыз 2021 ж. 516 0