Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің қабылдауы: Тұрғындар мәселесі күн тәртібінен түспейді

Аудан әкімінің қабылдауы: Тұрғындар мәселесі күн тәртібінен түспейді

Кеше аудан басшысы Серік Сермағамбетов аудан тұрғындарымен жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Жеке қабылдау барысында аудан әкімі алдымен Қарақұм ауылдық округінің тұрғыны Иманбай Әйтімовтың жұмыссыздық, жол және ауылдық клуб жайлы мәселесін тыңдады. Бүгінде Бектас өңірінің үстімен өтетін «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы жол бойынша мердігер «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-мен келісім шарт жасалғандығын, аталған жолды аяқтауға әлі бір ай мерзім бар екендігін, алдағы уақытта жауапты мердігер міндеттемесін толық аяқтайтынын жеткізді. Ал, апатты жағдайдағы ауылдық клубқа байланысты жобалық зерттеу жұмыстары жасалып,тиісті басқарамаларға ұсыныстар берілгендігін атап өтті.

Одан әрі Сексеуіл кентінің тұрғыны Бахтияр Ізбасаровты қабылдап, кенттегі полигон, аяқталмай тұрған аурухана және скважина қазу бағытындағы көтерген мәселелеріне жекелей мән бере отырып, заңдылығына сәйкес жауап берді. Аталған мәселелер бұған дейін де аудан әкімдігінің күн тәртібінен түспей тұрған мәселе екендігін атап өткен аудан әкімі полигон құрылысы бойынша ағымдағы жылы жоба сметалық құжаттамасына аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлініп, қазір жоба бойынша құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта белгіленген тиісті процедуралық кезеңдер бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін түсіндіріп өтті. Сонымен қатар аурухана құрылысы бойынша бұрынғы мердігер мекемемен келісім шарт бұзылып, қазіргі таңда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Ал, кент аумағынан су ұңғымасын қазу аудандағы қуаңшылық мәселесіне байланысты жоспарланып отырған жұмыстардың аясында шешілетіндігін, бұл бағытта алдымен ұңғымалардың жоба сметалық құжаттары әзірленіп жатқандығын хабарлады.

Жеке қабылдау қорытындысымен аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әр мәселе бойынша салалық орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, мәселелерді басты назарда ұстауды тапсырды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

28 тамыз 2021 ж. 309 0