Білімнің түп қазығы
Коронавирус індетінің таралуын болдырмау және халықтың қауіпсіздігін сақтау шаралары аясында елдегі көптеген салада өзгерістер болды. Бұл – бірінші кезекте осындай қиын сәтте мемлекет тарапынан атқарылуға тиісті басты шаралардың бірі. Сондықтан бұқара халық та, басқа да бұл жағдайға түсіністікпен қарауға міндетті еді. Себебі тәртіп пен талап – баршаға ортақ.
Менің айтпағым да осы тақырып аясында болмақ. Жоғарыда айтқанымыздай, айтарлықтай өзгеріске ие болған сала, ол – білім саласы. Расында елдегі эпидахуалды бақылауда ұстап, оның алдын алу үшін балаларды барынша қорғауға тиістіміз. Ел ертеңі саналатын жеткіншектерге қауіп төнер болса, онда жағдай тіпті күрделене түсетіні белгілі еді. Сондықтан қашықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім берудің жаңа әдісін қолдандық. Ұстаздарымыз бұл бағытта жұмыс істеуге де дайын екенін, қабілетін көрсете алды. Оған дәлел, өткен оқу жылы бойынша мектеп бітіруші түлектердің көрсеткіші дер едім.
Расында қашықтан білім берудің тиімді жағын да түсіндік, көз жетті. Оқушылар кез келген уақытта білім алу мүмкіндігіне ие болумен қатар, өз қалауыңыз бойынша, кез келген жерде, негізгі жұмысыңызға кедергісіз оқуға, білім алуға мүмкіндік берді. Бірақ оқушының негізгі міндеті де білім алу екенін ойдан шығармаған абзал.
Десе де таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, кемшілігі де бар екені жасырын емес. Жаңа форматқа көшудегі қиындықтар, мұғалім мен оқушы арасындағы әңгімелесуге қиындық тудырса, қашықтан білім беру коммуникативтік икемділікті дамыту үшін қолайсыз болды. Көптеген практикалық сабақтарды қамтитын мамандықтар бойынша да айтарлықтай қиындықтар тудырды. Ең басты қиындық – шалғайдағы елді мекендердегі интернет жылдамдығының әлсіздігі болды.
Бірақ жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беретін мектептердің дәстүрлі оқыту форматына көшетіндігі мұғалімдер қауымы үшін қуанышты жаңалықтардың бірі болғаны анық. Себебі мектеп – білімнің түпқазығы. Оқушы мектепке келу арқылы тақырыпты терең түсініп қана қоймай, өзінің міндеті мен оқытудың талаптарын сезіне алады. Бұл олардың ойлауына, дамуына үлкен серпін береді. Мұғалімнің мақтау сөзі мен күнделікті қойған бағасы оқушыны қанаттандырып, мотивация беретінін де талай жылдар бойы көзбен көріп, түйсініп келеміз.
Әнуар ҚУАТОВ,
№220 орта мектебінің мұғалімі