Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жанындағы жастар кеңесінің отырысы өтті

Аудан әкімі жанындағы жастар кеңесінің отырысы өтті

Кеше аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес отырысына дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында алдымен аудан басшысы сөз алып:
– «Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі текке айтылмаған. Мемлекет жастарға бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу және табыс табуға жаңа мүмкіндіктер жасап келеді. Осы орайда аудан жастарының да тарапынан жасалып жатқан жұмыстар нәтижелі деп айтуға болады. Бұл ретте, «Арал-АС» шығармашылық тобы, «Арал мейірімі», «Жас Арал өрендері» сынды қоғамдық бірлестіктердің және «Жас Толқын» еріктілер тобының да үлесі ерекше. Әсіресе, ауданымыздың алғыр жастары биылғы өңірімізде орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, қолдарына орақ алып, шабындық жерлерден мал азығын дайындау, аудан шаруаларына қолғабыс ету сынды өнегелі істердің басынан табыла білді. Бүгінгі күні, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастар өкілдері арасынан аудандық мәслихатқа екі депутат сайланып, белсенді жұмыс жасауда» – деп, өңірдегі мемлекеттік қызмет, медицина, полиция, кәсіпкерлік түрлі салада еңбек етіп жүрген жас буынның жұмыстарына тоқталды.

Жиынның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Алғашқы болып аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әбілбаев Абай жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

Орталықта 12 бағыт бойынша әзірленген жобалар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 75 түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 302 жас жұмысқа орналасып, «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 128 жас оқытылып, оның 125-і мемлекеттік грант иегері атанған. Сондай-ақ, «Жас толқын» еріктілер жасағының бастамасымен 60-қа жуық шара ұйымдастырылып, қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тарату шараларында да белсенділік танытуда.

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының аудандық бөлімшесі басшысы Ержан Сабырбайдың хабарламасы бойынша ағымдағы жылға 100-ге жуық жастарды маусым кезеңде жұмыспен қамту көзделсе, 115-ке жуық жастар жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» , «Jas Otan Cases», «Жайдарлы Interview», «Еnglish for jastar» жобалары жүзеге асырылуда.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрбек Шегебаев баяндама жасады. Жастар арасында жасалған құқық бұзушылық оқиғалары өткен жылмен бірнеше пайызға азайған. Хабарламашы өз сөзінде бала тәрбиесіне ата-аналармен және білім беру мекемелерімен бірлесіп жасаған жұмыстардың нәтижелі болатындығын айтты.

Мұнан соң Жақсықылыш кенті әкімі Пазылбек Берсүгіров мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына тоқталып, келер жылы кентте жастар жылын жариялау жөнінде ұсынысын білдірді.

Хабарламашылардан соң аудан әкімі жауапты басшылардан жастардың әлеуметтік картасының жасақталуы мен NEET санатындағы жастар, «Серпін» бағдарламасы мен облыс әкімінің грантымен шет елде оқып жатқан студенттер туралы сұрап, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді, мәдени-спорттық шараларды жоғары деңгейде үйлестіруді тапсырды.

Кеңес отырысының қорытындысымен жауапты бөлім басшылары мен қала,кент, ауылдық округ әкімдеріне ақпараттық - консультативтік қызмет көрсетуде жастар ресурстық орталығының желісін дамыту және қызметін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау, мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен насихаттау, «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатының бастауыш ұйымдарын құрып, жүйелі жұмыстар ұйымдастыру, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында және тұрғын-жайдан тыс болу деректерін күнделікті бақылау, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің базасы жасақтау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуын қатаң бақылау, Жастар арасындағы зиянды әрекеттердің алдын алу мақсатында, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін спорттық сайыстарды жүйелі түрде өткізу жүктелді.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қыркүйек 2021 ж. 434 0