Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық санағының екінші кезеңінің орындалу барысы талқыланды

Халық санағының екінші кезеңінің орындалу барысы талқыланды

Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан көлеміндегі халық санағының екінші кезеңінің орындалу барысы туралы мәжіліс өткізілді.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Ербол Талекенов онлайн негізде өтіп жатқан санақ жұмыстары туралы баяндады.
Аудан бойынша онлайн санақтан 81 293 халықтың 37 387 адамы өткен. Яғни меже 45,99%-ға орындалған.

Санақ жұмыстары 1-30 қазан аралығында санақшылардың планшет құрылғысымен тұрғын үйлерді аралауы арқылы жүргізілетін болады. Аудан бойынша барлығы 111 санақшы оның 14-і нұсқаушы-бақылаушы болып жұмыс жасайды.
Тұрғындардың онлайн санаққа тіркелуіне қолайлы болу үшін Арал қаласындағы халық көп шоғырланатын жерлерге арнайы орындар белгіленіп, жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Сазды, Қосжар, Ақирек ауылдық округтері онлайн санаққа тіркелу шараларын 100 пайызға орындаған болса, Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Бекбауыл ауылдық округтерінде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ғана орындалған. Сонымен қатар аудандағы ірі кәсіпорындар мен темір жол саласы қызметкерлерінің санаққа тіркелуі баяу жүруде.

Мұнан кейін аудандық статистика басқармасының басшысы Еламан Сәдібекұлы халық санағының екінші кезеңінің жүргізілуі туралы хабарлап, өзінің ұсыныстарын ортаға салды.

Аудан көлемінде халық санағының екінші кезеңінің атқарылу барысы тыңдалған соң аудан басшысы бұл жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқындығын айтып, көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіндігіне тоқталды.

Сондай-ақ, алдымен халық саны аз елді мекендерді толықтай санақтан өткізіп, қызметкерлердің сауда орталықтары мен тұрғындар шоғырланатын орындарды аралау арқылы жұмыс жүргізудің тиімді екендігін айтты.

Одан соң білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің санаққа тіркелу көрсеткіштерін бөлім басшыларынан жеке-жеке сұрап, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі тарапынан жауапты сала басшыларына халық санағының маңыздылығы айтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, халықтың онлайн түрде санаққа тіркелуін күшейту жүктелді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

23 қыркүйек 2021 ж. 341 0