Қысқы маусымға дайындық бақылауда
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаладағы бірқатар нысандарды аралап, ішкі жағдайымен және қысқы маусымға дайындық жұмыстарымен танысты. Аралау жұмыстарын алдымен "Қарлығаш" балабақшасынан бастаған аудан басшысы жылу беру қазандығының қысқа дайындық жұмысын бақылап, қауіпсіздікті әркез назарда ұстауды тапсырды. Балалардың қысқы мезгілде жылумен қамтылуы бірінші кезекте болуы керектігін ескертіп, одан соң балабақшаның ішкі жұмысымен де танысты. Балабақшадағы жағдайды көзбен көрген аудан басшысы балабақша жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажет екенін айтты.
Одан кейін №220 орта мектебінде болған аудан әкімі мектептің ауласындағы жұмыстарды көрді. Биыл жарты ғасырлық мерейтойын тойлағалы отырған білім ордасында да оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Сынып партасында отырған әрбір оқушы эпидахуалдың қазіргі жағдайына сай талаптарды сақтай отырып білім алуда. Ал жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілген. Қажет уақытта іске қосуға толықтай дайын.
Келесі кезекте "Құлыншақ" бөбекжайында болған С.Сермағамбетов таяуда ғана жұмысын бастаған мектепке дейінгі білім беру орталығының балаларға қолайлылығы мен қауіпсіздігін, жабдықталуын қарап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
№62 мектеп-лицейдегі ахуалмен жақын танысқан аудан басшысы білім беру ісінде оқушыларға жасалған жағдайды жоғары бағалап, мектептің жылу беру маусымына дайындығымен танысты. Алдағы қыста мектептің жылумен қамтамасыз етілуі үшін барлық жан-жақты дайын болу керектігі айтылды.
Аудан басшысы "Гүлдер" балабақшасында болып, мұнда да ішкі жұмыстары мен жылу қазандығының дайындығын көрді. Мұндағы бүлдіршіндер 6 топта тәрбиеленіп, мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіліп отыр. 58 қызметкер бүлдіршіндердің тәбиесі мен қауіпсіздігі үшін еңбек етуде. Тек топтағы балалар саны әлі де болса аздық етеді. Ал жылу маусымына дайындық жұмыстары пысықталып, бүгінде толықтай іске қосуға әзір. Өз кезегінде аудан әкімі балабақшаны тәрбиеленушілермен қамту жұмыстары кеңінен жүргізілуі қажеттігін ескертті. Сондай-ақ балабақша ауласын көгалдандыру, абаттандыру жұмысын да жандандыру керектігін тапсырды.
Мұнан кейін аудандық орталық ауруханада болған Серік Сермағанбетов өңірдегі ахуалды жақсарту бағытында ерекше көзге түсіп жүрген ақ халаттылардың жұмыс барысын бақылады. Қабылдау бөлімінде болып, пандемияның таралуына жол бермеу үшін әр науқастың оқшаулануына бағытталған шараларды жоғары бағалады. Сонымен қатар аурухананың ішкі жұмысы мен жылу қазандығының да бүгінгі дайындығын пысықтап өтті. Науқастарды ыстық сумен қамту және жылу беру үшін жұмыс жасап тұрған екі бірдей су айдау насосының сапасын тексерді.
Білім беру нысандарын аралау кезінде Н.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейдің бастауыш сыныптарды оқыту ғимаратында болып, спорт зал, сынып бөлмелері және бейімделген асхана жұмысымен танысса, жылу маусымына әзірлікті көріп, ғимаратты жылыту үшін қажетті көмірдің жеткілікті болуын тапсырды. Сонымен қатар қыс мезгілінде білім алушылардың қатынауына қолайлы жағдай жасау үшін, мектеп айналасындағы жарықтандыру мәселесін шешуді жауапты азаматтарға тапсырды. Ал №260 орта мектепте жоғарыда аталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, қысқа дайындықтың тыңғылықтылығына көз жеткізді.
Одан кейін аудандық балықшылар музейінде болып, жөндеу жұмысының барысымен, ғимараттың ішкі дизайнын көрді. Сондай-ақ балықшылар музейіндегі қайта жаңғыру жұмыстарын көріп, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыстың сапалы жүргізілуі мен белгіленген мерзімде аяқталуы тікелей өз бақылауында болатынын жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі