Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді мекендердің тарихи атауы тек қазақ тілінде жазылады – заң жобасы мақұлданды

Елді мекендердің тарихи атауы тек қазақ тілінде жазылады – заң жобасы мақұлданды

Мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшаларда, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптар белгілеу.
«Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің мәселесі бәрімізді алаңдатады. Соның ішінде сайлаушылар жиі көтеретін көрнекі ақпараттағы қазақ тілінде жазылатын мәтіннің сауатсыздығы, ал кейбірінде тіпті қазақ тіліндегі мәтіннің болмауы. Осыны ескере отырып, нақты талаптар енгізілді», – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Заң жобасына мынадай түзетулер енгізілді:
– әкімшілік аумақтардың, елді мекендердің, сондай-ақ басқа да географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын тек мемлекеттік тілде жазу;
– мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс тілінде жазу;
– жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазу;
– хабарландыруды, жарнаманы, прескуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа тілде көрсету.
Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбалаудың, стикерлердің барлық мәтіні «Тілдер туралы» заң талаптарына сәйкес түпнұсқалық мағынасы мен орфографияны сақтай отырып, жазылу жөнінде толықтырулар енгізілді.
Депутаттың айтуынша, бірқатар ұсыныс әлі де пысықталып, қайта қарауды талап етеді.
«Бұл түзетулер қоғамда, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген қазақ тілі мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады деген үмітіміз бар», – деді ол.
Мәжілісмендер заң жобасы әрбір азаматтың, әсіресе кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санайды.
Парламенттің төменгі палатасы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.

kyzylorda-news.kz
07 қазан 2021 ж. 315 0