Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тілге құрмет – баршаға міндет

Тілге құрмет – баршаға міндет

Тіл – ел тірегі. Оның қоғамдағы, сонда өмір сүретін адамдар арасындағы орны бөлек. Осы сала мамандарының зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі таңда дүние жүзінде алты мыңға жуық тіл бар екен. Олардың жүзден астамына ғана мемлекеттік мәртебе берілген. Мұндай асыл құндылық тізімінен біздің ана тіліміз – қазақ тілінің де көрінуі көңілге қуаныш, жүрекке нұр құяды. Дегенмен қазір қоршаған ортада тіліміздің құндылығына немқұрайлылық байқалады. 

Туған тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, өркенін өрістетуге арналған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп тайға таңба басқандай етіп айтылған.  Сондай-ақ аталған заңның 21-бабында: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» делінген.
Алайда арамызда бұл мәселеге терең мән бермей, жеңіл-желпі қарайтын жандар әлі де баршылық. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының өз уәжі бар. Олардың сөзінше, жыл басында Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі кәсіпкерлік нысандарға жүргізген тексеру барысында олардың атаулары мен жарнамаларынан көптеген заңға қайшылықтар анықтаған.
– Бізде тексеріс жүргізетін арнайы бекітілген құрам бар. Ол құрамға мемлекеттік тілде оқытушылар мен бөлімнің жауапты қызметкерлері қамтылған. Жыл басындағы тексеріс көптеген кәсіпкерлік нысандардағы атаулар мен жарнамалардың кемшілігін айқындап берді. Көбіне біздегі кәсіпкерлік нысандардың атауы мемлекеттік тілде емес, бірыңғай орыс тілінде берілген. Біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Ең алдымен өз тілімізді өзіміз құрметтеуіміз керек. Мәселен,  Бақтыбай батыр көшесінің бойында жеке дүкеннің маңдайында «ER-NUR market» деп жазылып тұр. Ал тап осы дүкендегі жарнама парақшалары (мороженое, сладкая вата, попкорн) тек қана орыс тілінде жазылған. Сондай-ақ көбінесе сұлулық салондары өздеріндегі қызмет түрлерін тек орыс тілінде ғана береді. Бұл  – заңға қайшы. Мемлекеттік тіл бірінші орында тұру керек, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов.
Маңдайша жазулары мен басқа да көрнекі ақпараттардың жазу және орналасу тәртібі заңға сәйкес келмеген кәсіпкерлік нысан басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту хаттар берілген-ді.
Біз көбіне мән бермей жатамыз. Кәсіпкерлік нысандардың атаулары қай тілде болса да, оның қандай орын екендігін анықтайтын жазулар алдымен қазақ тілінде, сонан соң барып өзге тілде жазылуы керек. Жыл басындағы тексеріс барысында кемшілігімен назарға іліккен «Шебер» жарнама агенттігі «CHUCHA ice» балмұздақ орталықтары өздерінің кемшіліктерін түзетіп, сыртқы жарнамалары мен атауларын заңда көзделген нормаға сай етіп қайта жазған.  Ал «Қарлығаш» тәттілер асханасы – кулинария «Қарлығаш», "Көктем" кафесі – кафе «Көктем» сол күйі өзгеріссіз тұрған болса, «ADAZIA»  сұлулық салоны да "Студия красоты" деген жазумен өз қызметін тек орыс тілінде жарнамалау тақтасын өзгерпестен қалдырған.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Олай болса, бүгінгі сөз етілгендей, көлеңкелі жағдайларға тиісті орындармен бірге баршамыз немкетті қарамағанымыз жөн. Мемлекеттік тілге деген жүрек түкпіріндегі сүйіспеншілік пен құрметті суытып алмауға міндеттіміз.

Н. БАҚЫРАН
24 тамыз 2021 ж. 744 0