Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық санағы қарқынды жүзеге асуда

Халық санағы қарқынды жүзеге асуда

Елімізде жалпыұлттық халық санағының ІІ кезеңі жүріп жатқаны белгілі. Ел дамуының басты көрсеткішіне айналған саяси науқанның нақты жүзеге асып жатқанына да біршама уақыт болды. Осы уақыт ішінде аудан бойынша 10 мыңнан астам халық нақты тізімге қосылып, арнайы базаға енген. Ал бірінші қазанда басталған екінші кезең бойынша ауданда 62 санақшы өз жұмыстарына кіріскен. Олар әр үйді аралап, планшетпен сұхбат жүргізуді бастап кетті. Біз осы және өзге де жұмыстар жөнінде аудандық статистика басқармасының басшысы Еламан .Қапановпен тілдескен едік.

– Еламан Сәдібекұлы, өзіңіз білесіз елімізде «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен жалпыұлттық халық санағының ІІ кезеңі басталып та кетті. Санақшылар жұмыстарына кіріскенін де білеміз. Бұл жолы санақшыларға қандай міндеттер жүктелді? Олардың жұмысында қандай өзгешеліктер бар?
– Біз «Қазақстанда әркім маңызды!» – девизімен жұмыс жасаудамыз. 1 қазаннан бастап интервьюерлер планшетпен сұхбат жүргізуді бастады.  Бүгінгі күні аудан бойынша 14 санақ учаскесі құрылып, оларда 14 санақшы-нұсқаушылар мен 62 санақшылар жұмыс жасауда. Алғашқы 7 күнде аудан бойынша 3000-ға жуық үй шаруашылықтары қамтылып, 11000-нан астам халық тіркелді. Барлық санақшылар планшеттермен, санақшыға қажетті бұйымдармен толық қамтылған. Арнайы көк сөмке асынып, көк шарфпен жүреді. Санақшылар әңгімелесу арқылы сұхбаттан өтіп, арнайы комиссиямен қабылданды. Оларға араланатын учаскелеріндегі көшелері, үйлер саны белгіленіп беріліп, оқулар өткізіліп, планшеттерді қалай пайдалану, олармен жұмыс жасау туралы түсіндірілді. Санақшыларды алғашқы қабылдауда, планшетпен үй аралап санақ жүргізу басталмас бұрын, облыстық Статистика департаментінен арнайы маман келіп, оқу өткізіп, жұмысымыздың басталуына сәттілік тіледі.
– Бұдан бөлек арнайы сайт арқылы да санаққа тіркеліп, сұқбаттасу кезеңінен өтіп жатқан аудан тұрғындары да баршылық. Мұны тапсырма ретінде қабылдаған кейбір тұрғындар арасында жеке басын тіркеумен шектелген болуы мүмкін. Немесе мәліметтер дұрыс көрсетілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларды нақтылау мүмкін бе?
– Дұрыс айтасыз, офлайн санақпен қатар, бүгінгі күнге дейін аудан халқының 59 пайызы www.sanag.gov.kz сайты арқылы онлайн режимінде санақтан өтті. Енді оларды санақшыларымыз үй аралау барысында нақтылап, онлайн хабарлама кодтарын планшетке енгізумен айналысуда. Ол бір үйдегі жанұя мүшелерінің толық қамтылғандығын, санаққа дұрыс алынғандығын  бақылау үшін, тіркелу базасынан тексеру үшін қажет. Хабарлама кодтарын 10 қарашаға дейін сақтаған дұрыс, әлі де нақтылау мен бақылау жұмыстары жүргізілген жағдайда қажет болады.
– Тұрғындар арасында сіз айтып өткен хабарлама кодтарын сақтамаған немесе ұмытып қалғандары да болуы мүмкін ғой. Ондай жағдайда не істеу керек?
– Хабарлама кодтарын жоғалтып немесе өшіріп алған жағдайда санақшы аудандық санақ бөліміне хабарласып, ЖСН арқылы хабарлама кодтарын біле алады. Онлайн өтпегендер немесе өту барысында жанұя мүшелері қалып қойғандар кездессе, санақшыларымыз арқылы жанұясымен толықтай санақтан өтеді.
– Цифрлы технология дамыған қазіргі заманда халық санағын жүргізудің маңызы қанша? Елімізде халық саны 19 миллионнан асқанын білеміз. Онсыз да халық арасында «Халық саны санақ жүргізбей-ақ, белгілі емес пе? Санақ сұрақтарында халық санынан басқа да көптеген сұрақтар бар» деген сынды уәж айтушылар көптеп кездеседі. Осы турасында не айтасыз?
– Шындығында мұндай пікірде жүргендер баршылық. Алайда бұл халық санағының құндылығы еліміздегі тұрғындарды санаумен ғана шектелмейді. Анағында сол халықтың санын, нақты ахуалын біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірдің көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді. Келешегімізді бағамдау, түрлі әлеуметтік нысандармызды бағдарлау, жалпыға бірдей қамту мен ауқымды бағдарламалар арқасында тұтастай және әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы туралы әртүрлі ақпараттың баламасыз көзі болып табылады.
– Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Аудандағы осы саяси науқанға белсене атсалысып, нақты жұмыс жүргізіп отырған мекеменің басшысы ретінде аудан тұрғындарына не айтар едіңіз?
– Биылғы санақ алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтіп отыр. www.sanag.gov.kz сайты арқылы онлайн режимінде 15 қазанға дейін өтуге болады. Бұл сайт 24 сағат бойы жұмыс жасайды. Сонымен бірге санақшыларда 30 қазанға дейін үй аралап, офлайн санақ жүргізуде. Осыған байланысты, аудан халқының белсенділігі қажет. Шынайы жауаптары халық туралы сапалы деректерді алуға негіз болады. Сондықтан халық санағына түгел қатысуға шақырамын. «Қазақстанда әркім маңызды!»
– Рахмет!

Сұқбаттасқан А. БИСЕНОВ

12 қазан 2021 ж. 355 0