Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі веломарафоншы ардагерді қабылдады

Аудан әкімі веломарафоншы ардагерді қабылдады

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Семей сынақ полигонының ардагері, веложорықшы Серік Өтебалиевті қабылдады.
Кездесу барысында ел Тәуелсіздігі мен Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай аудан орталығынан Қызылорда қаласына дейінгі аралықты велосипедпен сәтті бағындырған ардагердің жағдайын сұрап, жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор іс жасағаны үшін алғысын білдірді.

-«Сіз осы сапарыңыз арқылы аймақтағы Семей сынақ полигонына қатысушылардың рухын бір көтеріп тастадыңыз. Жолдағы аудандарға соғып ардагерлермен кездесіп, мемориалдық кешендерге тағзым етуіңіз арқылы елге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісін көрсете білдіңіз. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық тілеймін»- деп арнайы Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Одан кейін сөз алған веложорықшы: -«Мен жастайымнан спортпен шұғылдандым. Көбіне табиғи таза өнімдерді ғана тұтынамын. Әр адам өзінің денсаулығына көңіл бөліп, дене қозғалысымен айналысуы тиіс. Осы сапарға деген дайындығым да жақсы болды. Веложорыққа жерлестерімнің салтанатты түрде шығарып салуы маған дем берді. Сондай-ақ, сапар барысында әр ауданнан арнайы күтіп алып, құрмет көрсеткен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының және Қызылорда қаласының басшылығына ризашылығым шексіз. Барлығы жақсы ұйымдастырылды. Жолдағы қауіпсіздігімді, денсаулығымды қамтамасыз етіп, барлық қолайлы жағдайды жасаған ұйымдастырушыларға рақметімді айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» -деп ағынан жарылды.

Атап өтейік, 73 жастағы Семей сынақ полигонының ардагері Арал мен Қызылорда қаласының аралығындағы 500 шақырым қашықтықты 4 күнде велосипедпен жүріп өткен болатын. Ол өзінің сапарын азаттықтың алтын діңгегі, еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады.


Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

15 қазан 2021 ж. 247 0