Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырма көп, орындалуы қалай?

Тапсырма көп, орындалуы қалай?

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен алқа мәжілісі өтті. Оған кент, ауылдық округ әкімдері де онлайн арқылы қатысып, берілген тапсырманың орындалуы төңірегінде айтылған сын-ескертпелерге құлақ түрді. Босқосу барысында күн тәртібіндегі мәселе ретінде қаралған санақ жайын сұраған аудан басшысына статистика басқармасының басшысы Еламан Қапанов қолға алынған жұмыс төңірегінде өз ойын жеткізді.
Иә, санақ бір реттік науқан болғанымен, оның ел экономикасын бағымдаудағы орны бөлек. Себебі, сол арқылы республикада, облыста, ауданда, ауылда қанша халық тұратыны зерделеніп, тұрғылықты тұрғындар санына қарай әлеуметтік ахуал айшықталады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін акциома. Осылай деген аудан басшысы хабарламашы сөзін мұқият тыңдады.
–Бүгінгі таңдағы мәліметке сүйенсек, аудан бойынша халықтың 60,15 пайызы онлайн режимде санақтан өтіп отыр. Бұл цифр әлі де еселенетінін ескерсек, пайызға шаққандағы көрсеткіш өзгере түседі деп күтілуде. Арал қаласындағы 43 санақ учаскесінің 27-сі санақ жұмысын толыққанды бітірсе, ал 16-сы әлі де халық санын анықтау үстінде. Аудан орталығы мен Сексеуіл кенті жұмысты жандандыруға күш салуда, – деп аудандық статистика басқармасының басшысы жиналғандарға халық санағын нақты  әрі сапалы  орындауға жұмылуға шақырды.
Мұнан соң аудан әкімдігі аппаратының басшысы Нұрмұхамед Бохаев бұқара мен билік арасында алтын көпір орнатқан  аудан әкімінің ел алдындағы есепті кездесулерінде көтерілген мәселелердің осы кезге дейін орындалуы жайын талдап, оның ішінде көпшілігінде орындалмай қалу қаупі бар өтініш-тілектер жеткілікті екенін алға тартты. Аппарат басшысының ақты ақ, қараны қара деп айтуының да себебі бар. Өйткені, жыл аяқталуға жақын. Аудан басшысы келер жылы да халықпен жүздесіп, көптің ұсыныс-тілектерін қаперге алады. Сол кезде абыройға көлеңке түспеуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасында бұл жағдай тайға таңба басқандай көрсетілген.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов орындалмай қалу қаупі бар тапсырмалардың негізгі себептерін байыппен тыңдады. Сосын жауапты орынбасарларына берген тапсырмаларының сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалғанын қалайтынын қатаң ескертіп, ешкім де үндемей жауапкершіліктен құтыла алмайтынын ортаға салды.
Аппарат мәжілісінде мұнан кейінгі сөз ауаны қысқа қарызсыз кіру төңірегінде өрбіді. Яғни, аудан әкімі әр сала бойынша пікірлерді тыңдап, коммуналдық қызметтегі қордаланған қарыздарды төлеу туралы ойларына қанықты. Бұл жерде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев, «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуанышбай Ердіқалықов, «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ ҚӨФ Арал аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Әділхан Алданов өз ойларын ортаға салды.
Ұлттық халық санағы елді мекендерді аралау барысында берілген тапсырмалардың орындалуы, мекеме, кәсіпорын мен тұрғындардың коммуналдық төлемдерге қарыздары алдағы күндері қайта сұралатынын өткірлеген аудан басшысы сала жетекшілеріне салғырттықта сан соғып қалмау үшін жүктелген істі асқан жауапкершілікпен орындау керектігін қатаң ескертті.





А. ЕЛЕШ

26 қазан 2021 ж. 548 0