Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай іске де серпін керек

Қай іске де серпін керек

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Қай салаға да серпін қажет екендігіне басымдық берілген басқосуда аудан басшысы бірқатар тапсырмалардың орындалуы жайын тыңдады. Иә, өзіміз баспасөз саласының өкілі ретінде білетініміздей, айдынды өлкеге әкім болып келгелі С.Сермағамбетовтің тың бастамаларымен, озық идеяларына таныс бола бастағанымызды жасыра алмаймыз. Себебі әр жиын сайын нақты тапсырманың орындалуы егжей-тегжей сұралып, әр істің атқарылу тетіктері жан-жақты қаузалатынынан құлағдармыз.
Бұл жолы да солай болды. Аппарат мәжілісінде күн тәртібіне қойылған маңызды мәселенің бірі–базар бағамын тұрақтандыру жайы-тұғын. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Жәнібек Жұбанов азық-түлік бағасын қалыпты ұстау үшін жасаған қадамдары төңірегінде сөз сабақтап, Қарағанды өңірінен  ұн жеткізілгенін, соның нәтижесінде тұрғындарға арзан бағада нан сатылып жатқанын ортаға салды. Сондай-ақ ол сенбі сайын 10-нан астам жәрмеңке ұйымдастырылып, халыққа қол жетімді бағада түрлі азық-түлік өнімдері ұсынылғанын айтты.
Жұмыс әлі де мардымсыз. Еттің бағасы шарықтағаны сонша, сөрелердегі дайын тауық етінің  де бағасы бұрынғыдан әлдеқайда аспандап кеткен. Осыны және өзге де жәйттерді назарға алған аудан басшысы әр ауылдық округ орталықтарында наубайхана ашып, сол арқылы жергілікті жұртшылықты арзан нанмен қамтамасыз ету керектігін тапсырып, сәбіз, жуа секілді өнімдерінде баға өсімі байқалғанына қынжылыс білдірді.
Мұнан соң аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Жанқожа Құдайбергенов ауданда жүрігізіліп жатқан асфальт жол салу барысын баяндап, бюджеттен бөлінген қаражатты игеруге, жоспар бойынша белгіленген жолдарды сапалы аяқтауға жұмыс жасалып жатқанын  атап өтті.
Хабарламашы сөзін тыңдаған аудан басшысы салқын түсуіне  уақыттың аз қалғанын еске салып, жол салудың өзіндік техникалық ерекшелігі бар екеніне тоқталды. Яғни, әкім халық игілігіне пайдаланылатын жол көрсетілген мерзімде бітуі керектігін тапсырды. Жиын барысында жол белгілерінің тозығы жетуі де тақырыпқа арқау болып, оларды ретке келтіруді жауапты сала жетекшілеріне жүктеді. Бұдан бөлек, аппарат басқосуында аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Бауыржан Қуатов күзгі әскерге шақыру науқаны басталғанын тілге тиек етіп, өз кезегінде оған әрбір округ әкімдері белсенділікпен атсалысуын аудан басшысы алдында баян етті. Атап айтсақ, өткен жылы Беларан, Аралқұм, Қосаман сынды ауылдардан ешқандай жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбаған. Аудан әкімі қала, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне онлайн арқылы байланысқа шыға отырып, бұл істе асқан жауапкершілікпен талап етілетінін ескертті.   
    







"Толқын" ақпарат
27 қыркүйек 2021 ж. 301 0