Тазалық мәселесі күн тәртібінен түспек емес

Күн тәртібіне сәйкес жиын барысында сектор жетекшілерінің тазалықты қамтамасыз ету бағытында және орын алған құқық бұзушылықты анықтау мақсатында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Алғашқы болып, І-сектор бойынша топ жетекшісі аудан әкімінің кеңесшісі Т.Сүлейменов өзіне тиесілі аумақ бойынша атқарылған жұмыстарды хабарлап өтті. Белгілі болғандай аталған сектор бойынша ағымдағы ай көлемінде тазалық қағидаттарын бұзған 1 тұрғынға айыппұл, 5 тұрғынға ескерту шарасы көрілген. Сонымен қатар, көше комитеттерімен жиын өткізіліп, тұрғындар арасында қоқыстарды тиісті орындарға шығару үшін «Қуанышбек» ЖШС-мен арнайы келісім-шарт орнатуға шақыру бағытында жұмыстар жасалған.
Одан әрі, ІІ-сектор бойынша сөз алған қала әкімінің орынбасары Ә.Сейітов тұрғындар қоқыс төгуді әдетке айналдырған 6 орынға арнайы тыйым салу тақтайшалары орнатылып, бір айдағы рейдтік шаралар барысында 4 тұрғынға ескерту, 2 тұрғынға айыппұл салынғандығын атап өтті.

Сонымен қатар жиын барысында V-секторға жауапты аудан әкімінің орынбасары Е.Талекеновтың, VI-секторға жауапты аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішевтың, VII-секторға жауапты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаевтың және VIII-секторға жауапты «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатовтың тазалық жұмыстарын үйлестіру бағытындағы баяндамалары талқыланды.

Санитарлық штаб отырысының қорытындысымен аудан әкімі барлық сектор жетекшілеріне анықталған кемшіліктерді жойып, қаланың үнемі таза қалпында болуын қамтамасыз ету бағытында нақты хаттамалық тапсырмалар жүктеді. Бұдан бөлек, барлық дербес бөлім басшыларына, қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне тазалық шараларына белсене араласып, ортақ мүдде жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.


