Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Санитарлық штаб отырысы: Тұрғындар салғырттығы тыйылар емес

Санитарлық штаб отырысы: Тұрғындар салғырттығы тыйылар емес

«Тазалық – өмір айнасы». Бұл сөзді талқылап отырудың өзі артық. Себебі, тазалық – саулық негізі. Аурудың алдын алып, түрлі індеттің ілмегінен сақтайтын екі жол болса, бірі және бірегейі – тағы да тазалық. Ғалымдар әлемді әбігерге салған COVID-19 вирусына тосқауыл қоюдың алғы шарттарының бірі осынау тазалықты сақтау екендігін алға тартады. Демек, қолымыз таза, жолымыз жинақы, ауылымыз ажарлы болса, өміріміз игілікпен өрнектелмек. Аудан басшысы Серік Сермағамбетовтың да алға тартып отырған қатаң талабы осы.

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында кеңейтілген санитарлық штабтың отырысы өткізілді. Жиынның күн тәртібіне кіріспес бұрын аудан әкімі қала бойынша тазалық жұмыстарының ауқымын ұлғайту үшін VІІІ сектор қосылғандығын, оған жетекші ретінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов жауапты болатындығын жеткізді. Аталған сектордың аумағы Т. Таңатов көшесінен бастап бергі шеті «Гүлдер» бөбекжай-бақшасынан асып, артқы жағы балықшылардың теңізге қатынайтын қашпа жолдарына дейінгі аралықты қамтиды.

Сонымен қатар қаладан кейінгі халық көп шоғырланған Сексеуіл кентіндегі тазалық жұмыстарын жандандыру мақсатында жауапкершілік жүгі аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төреахметовке жүктелді. Осы ретте аудан басшысы Сексеуіл кентінің әкімі С.Төрешовке ертеңгі өткізілетін сенбілік шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Бүгінгі штаб отырысының барысы одан әрі тазалық жұмыстарын ұйымдастыру бағытында атқарылған шараларды талдауға ұласты. Алдымен, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Н.Тасқынбаев қала көлеміндегі 7 сектор бойынша жүргізілген рейдтік жұмыстардың есебін баяндады. Белгілі болғандай, барлық сектор бойынша ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 13 қазаны аралығында жүргізілген рейдтік шаралар барысында жалпы саны 11 айыппұл, 31 ескерту жасалған.

Осы тұста тұрғындардың тыныс-тіршілігін бақылауда жоғары жауапкершілік жүктелген учаскелік полиция инспекторларының тазалық қағидаттарын бұзған тұрғындарды әшкерелеуде тым сылбырлық танытып отырғандығын сынға алған аудан әкімі, жүргізіліп жатқан жұмыстарының мардымсыз екендігін баса айтты. Әр жауапты қызметкер қала тазалығына шынайы жанашырлық танытпайынша бұл жұмыстардан нәтиже болмайтынын айтты.

Одан әрі, ауданға қарасты Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас және Ақирек ауылдық округтері бойынша тазалық жұмыстарының жайын аталған ауылдық округтің әкімдері хабарлап өтті. Аталған ауылдық округтерде әр сенбі сайын тазалық жұмыстары жүргізіліп, қажетті шаралар қолға алынған. Алайда, бұл аумақтарда да шикіліктердің жетіп артылатындығын біртіндеп атап өткен аудан әкімі, аядай ғана ауылда тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырған әкімдердің жұмысын сынады.

Жалпы аудан көлемінде тазалық шаралары үздіксіз жалғасып келеді. Дегенмен, жиын барысында слайд арқылы көрсетілген көріністерден аудан халқының тазалықты сақтауға құлықсыз екендігін аңғаруға болады. Себебі, өткен аптада ғана тазартылған аумақтар, арнайы тазалыққа жауапты жұмысшылардың ретке келтірген орындары күн айналмай бәз баяғы күйге енген.

Санитарлық штаб отырысының қорытындысымен аудан басшысы айтылған әр сыннан нәтиже шығарып, ертеңгі тазалық шарасына жаппай жұмылуды тапсырды. Сонымен бірге жиынның күн тәртібіне сәйкес тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар жүктеді.









Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қазан 2021 ж. 276 0