Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРЫМДЫ ҚАЙРАТКЕР

ҚАРЫМДЫ ҚАЙРАТКЕР

Еліміз тәуелсіздік алған алғаш жылдар ел экономикасы құлдыраған қиын кезең еді. Ол кезде салаға басшылық жасау қиынның қиыны болатын. Осындай тоқырау кезеңге қарамастан, 1991 жылы айдынды өңірге аудан әкімінің орынбасары болып келген Жаңыл Жонтаева жауапты міндетті мойнына алды. Елдің толқуы басылмай тұрған “абыржы” уақытта халықты абыржытпай, өз саласын иіріп әкетті. Аудан дамуы үшін аянбаған қайраткер жайлы ой қозғауды жөн көрдім.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деп М.Жұмабаев айтқандай, қай заманда, қай қоғамда болмасын ұстаз еңбегін халқы қашан да  бағалаған. Ең қастерлі мамандық иесі болып еңбек жолын бастаған Жаңыл Жонтаева мыңдаған оқушының жүрегіне білім нәрін құйды. Асылы, адам бала­сының сыйлы, өзгеден ерек болуының шарттары Абай атамыз айтқандай «Ыстық қай­рат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» екені даусыз. Осы қасиеттер қоғам қайраткері, «Қызыл­орда қаласының құрметті азаматы» Жаңыл Жонтаеваның бойынан табылды. Оның ел егемендігін алған алғашқы жылдары Арал ауданының қалыптасуына қосқан еңбе­гіне, білімі мен біліктілігіне көзіміз жетті, куәсі болдық.
Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары ұжым­дағы, аудан көлеміндегі талай қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Ұжымдағы әрбір тәжірибелі маманнан білмегенімізді үй­рендік. Алыптар ат ізін салған, ұлылар аялдамай өтпейтін Аралда әр адамның  жүрек түкпірінде қастерлейтін, қимас бір ұжымы болады емес пе?
«Тұлғалардан ешқашан өшпейтін із қала­ды, тыраштардан ештеңе өспейтін сыз қала­ды» дегендей, сол кездегі аудан әкімінің  орын­басары Ж.Жонтаеваның ауданға жасаған еңбегі өлшеусіз. Жаңыл Алпамысқызының  бо­йындағы мейірімінің арғы жағында ұлты­мыздың ұлылығы жатқандай. Бойына асыл қасиеттерді жинаған ерекше жан болатын. Жақсының жанында, тектінің  төңірегінде жүр­сең, турашыл болады екенсің. Ол ұжымға жиі-жиі келіп,  өткен тарихты, елдің болашағын, ұрпақтың тәрбиесін айтып отыратын. Қай істі қолға алса да, ұлттық намысқа тырысып, жауапкершілікпен сапалы атқаратын.
«Біздің Жаңыл қызымыз»–дейді арал­дық­тар. Ол қандай істі бастаса да бар ынта-ықыласымен істейтін, ойы ұшқыр, тілі жүйрік әрі өткір, тура айтатын, жүрген  жеріне шуақ шашып жүретін.
Сонымен, сонау тәуелсіздік алған 1991 жылы аудан әкімінің орынбасары болып қызметке келген Жаңыл Алпамысқызы Жон­таева өңіріміздің әлеуметтік-рухани, саяси-экономикалық дамуына, ел тұ­ғыры­ның биік болуына сүбелі үлесін қосты. Қайраткердің аудандағы қиын да қызықты, ауыр да абыройлы еңбек жолы әріптестері мен соңынан ерген ізбасарларына үлгі болып келеді. Ол ау­дандағы барлық білім,  мәдениет ошақта­рына, денсаулық сақтау ұйымдарына да жіті көңіл бөлді, тексеріп бақылады, кө­мегін жасады.
«Мен де Аралдың бір қызымын» дейтін Жаңыл Алпамысқызы. Ол Ал­матыдағы Абай атын­дағы Қазақ педа­го­гикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бі­тірген соң, ең алғашқы еңбек жолын Бұ­қарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің мектептен тыс және сыныптан тыс жұ­мыстарды ұйымдастырушы болып бас­тады. Осы орта мектептің директоры болған соң педагогикалық жұмысқа етене жақын болды. Еңбекқорлығы мен іскерлігін байқаған басшылық Жаңыл Жонтаеваны Жалағаш аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, Арал ауда­ны әкімінің орынбасары қызметінен бастап, Қызылорда облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы, облыстық білім беру басқармасының басшысы қыз­меттеріне тағайындады. Иә, адам­зат дамуы мен руханиятының ажырамас бөлігі болып сана­ла­тын мәдениет саласы азаматтардың, жас ұр­пақтың қалып­тасуына өлшеусіз үле­сін қос­ты. Жәкең өз ісіне, кәсібіне шын бе­рілген жан екенін көрсете алды. Қай салаға барса да, жан-тәнімен беріле жұмыс істей алатынын көрсетті. Ал, облыстық білім беру бас­қармасының басшысы бола жүріп, оқу-тәр­бие жұмыстарының сапасын арттыруға, оқушы­лардың сапалы білім алуына жақсы жағдай жасады.
Киелі Арал ауданынан бастау алған мем­лекеттік қызмет баспалдағы ауданның, ай­мақтың, республикалық деңгейде білім сапа­сының жаңа деңгейге көтеріліп, білім саласының ауқымды мәселелерінің түбегейлі ше­шілуіне сүбелі үлесін қосты. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департа­ментінің директоры қызметін 2017 жылға дейін атқарып, талай биікті өзінің талабы мен табандылығы арқасында бағындырды. Осындай қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, қарымды қайраткер «Құр­мет» ордені  мен «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен марапатталды. Облыстық білім, мә­де­ниет саласындағы және қоғамдық-саяси жұ­мыстардағы еткен еңбегі үшін «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жаңыл Алпамысқызы зейнеткер­лікке шыққаннан кейін,  Назарбаев Универси­тетінде департамент директоры қызметін атқарып келеді. Қайратты, оқыған-тоқығаны мол, көрген-түйгені көп парасатты жанның еңбек жолын ұстаздықтан бастаған оның есімі, ірі істері жастарға үлгі екені даусыз.
Ұстаз – қай кезде де жас жеткіншектерді жақсылық пен ізгілікке, ырыс пен ынтымаққа тәрбиелейтін қастерлі мамандық. Себебі, елі­міз­дің болашағы ұлтжанды да ұлағатты ұрпақ қолында. Иә, сол ұрпақты тәрбиелейтін, абы­ройлы  міндетті атқаратын ұстаз қашан да зор құрметке лайық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ғой. Жаңыл Алпамысқызы менің өмірдегі ұстазым іспетті. Көп нәрсені осы кісіден үйренгенімді мақтанышпен айтамын. Бір кездері өз ісінің білікті маманы Жаңыл Жонтаеваның ақыл-кеңесімен көп­теген жобаларды жүзеге асырғанымыз әлі есімде. Ұрпақ тәрбиесі үшін өнегесі мол ойы­мызды Жәкең үнемі қолдайтын. Мәселен, тәуелсіздік алған жылдары ауданда ел қасиет тұтқан асылдар мен арыстардың құрметіне, әсіресе, Жанқожа батырдыңәруағына  арнап салтанатты кеш өткіздік. Тәуел­сіздігіміздің бір жылдығын ерекше да­йындықпенатап өткеніміз жұртшылықтың есін­де. Отан-Анамен қатар тұратын тұмардай қасиетті «тәуелсіздік» ұғымының қадірін оқушы бойына ісімізбен  сезіндіруге күш салдық. Иә, бұл тәуелсіздігіміз–халқымыздың ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық  күресінің,  асыл арманымыздың жемісі. Бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңіруді мақсат тұттық.
1994 жылы Жаңыл Алпамысқызы мені аудандық жастар бөліміне қызметке шақырды. Рухани өсіп, да­му­дың даңғыл жо­лына түскен ауданның қайнаған тірлігін кө­­ріп, бел ортасында жүру қандай бақыт де­сеңізші! Иә,  бұл елдің рухани өміріне қосқан сү­белі үлесіміз десек, артық айтқандығымыз емес.
Қайраткер Жаңыл Жонтаева алдына қойған арман-мақ­са­тына қажырлы еңбегі арқылы қол жеткізді.
Құндыз  Дәуітова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
.
29 тамыз 2018 ж. 939 0