Жыл үздіктері марапатталды
Аудандық мәдениет үйінде «Жақсылықпен жалғассын - жаңа жылым!» атты салтанатты шара өтіп, жылдың үздіктері марапатталды.
Жаңа жыл мерекесіне арналған шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, жыл көлемінде атқарылған іргелі істерге тоқталды.
- Баршаңызды санаулы сәттерден соң табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл өткенге баға беріп, атқарылған істі саралайтын кезең. Биыл Өздеріңіз білетіндей өңірімізде қуаңшылық жағдайы қалыптасты. Орын алған қуаңшылықты еңсеру бағытында ауданымызда біршама тындырымды жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек ауданымыздың барлық саласында көптен бері қордаланған мәселелер шешімін тауып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалар аясында тұрғындарымыздың өмір тынысы жақсаруда. Біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз 2022 жылы да жаңа идеялық ізденістермен және бастамашыл қадамдармен жалғасын таба беретін болады, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жылдың қорытындысымен бірқатар аудан азаматтары марапат төрінен көрінді. Жыл көлемінде әр сала бойынша табысты еңбегімен озық шыққан жыл үздіктеріне түрлі номинациялар беріліп, елеулі еңбегімен жетістікке жетіп жүрген мамандарға Облыс әкімінің алғысы мен Арал ауданының Құрмет Грамотасы табысталды.
Сондай-ақ салтанатты шарада нәтижелі жұмысымен аудан экономикасының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Халық алғысы» медалі және «Экология саласының үздігі», «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Салтанатты шара әрі қарай аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, әннен шашу шашылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі