Ауданда жаңа бірлестік құрылды
Жуырда ауданымызда жаңа бірлестік құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. «Aral kelbeti» деп аталатын облыстық қоғамдық бірлестік туралы кеңірек білу үшін оның төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы, білікті дәрігер Арғынбай Балпашұлы Асанбаевпен жолықтым.
–«Бұл бірлестіктің идеясын Арал өңірінің тумасы Серікбай Смағұлұлы берген еді. Бір топ жанашыр аудан азаматтары бас қосып, мұндай азаматтық қауымды ел игілігіне жарату қажет деп шештік. Бірлестік құрамында ауданымызға белгілі Темір Бисембаев, Батырхан Прекеев, Дауренбек Мадинов, Файзулла Дайрабайұлы, Базарбай Төреахметов, Аманжол Жолмағанбетов, Серікбай Смағұлұлы, Әлібек Ізбасаров, Жақып Баймырзаев сынды азаматтар бар. Алға қойған мақсаттарымыз айқын, жуырдан бастап жасайтын жүйелі жоспарларымыз бар. Атап айтар болсам, бірлестіктің жарғысында көрсетілгендей: ауданымыздың оңимиджін қалыптастыруға бағытталған идеяларды, жобаларды, бағдарламаларды жасау және жүзеге асыр арқылы ауданның жаңа келбетін көпшілікке таныстыратын боламыз.Солардың алғашқыларының бірі – «Арал медицинасы» деген шартты атаумен бір ғасырға жуық тарихы бар аудан денсаулық сақтау саласы туралы кітап басып шығару.Қазіргі кезде оған керек материалдарды жинақтау үстіндеміз,-деді.
Иә, бұл бірлестіктің атқаратын жұмыстары да көп екен. Атап айтар болсақ, аудан тұрғындары арасында Арал өңірінің жаңарған келбетін насихаттау бойынша (семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер және т.б.) шараларды ұйымдастыру, азаматтар арасындатуындаған түйткілді проблемаларды шешуге атсалысу, құқықтық кеңес беруді ұйымдастыру да бірлестік жұмысының басты бағыты. Сонымен қатар, аудан көлемінде шет елдің озық психологиялық ілімдеріне негізделген, қазақы менталитетке жақындатылған сана жаңғырту бойынша жұмыстарды атқарып, зиянды әдеттердің алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жүргізу де бірлестік ықпалы арқылы жүзеге аспақшы. Және де аудан көлеміндегі орта және кіші бизнестің дамуына ақпараттық үлес қосып, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қазіргі заманғы озық технологияларды енгізуге үлес қосу жанашыр азаматтардың басты мақсаттары болып отыр. Алғашқы жұмысын аудан тұрғындары арасында рухани жаңғыру бағытындағы шараларды жаңа психологиялық технологияларды қолдана отырып өткізуді көздеп отырған бірлестік жұмысына біз де сәттілік тілейміз.