Қызылордада ІІІ тоқсан онлайн форматта басталады
Қазіргі таңда Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, “қызыл” аймаққа енді. Осыған орай, бүгін облыстың Бас санитарлық дәрігерінің №1 қаулысына сәйкес, облыс және аудан орталықтарындағы мектептерде 31 қаңтар 2022 жылға дейін қашықтықтан оқыту форматында жүргізіледі.
Сонымен қатар арнайы мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған, жалпы үлгідегі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттары қашықтықтан оқитын болады.
Колледж студенттері 6 ақпанға дейін онлайн форматта білім алады.
Ал ауылдық мектептерде оқыту дәстүрлі режимде жалғасып, аймағымыздағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс жасайтын болады.
Сондай-ақ, балалардың түзету кабинеттері, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының (мектептен тыс ұйымдар) жұмысына топты 15 адамнан артық толтырылмаған кезде алдын ала жазылу бойынша штаттық режимде жұмыс жасауына рұқсат етіледі.
Барлық білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының және облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулы талаптарына сәйкес, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасайтын болады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, әр білім беру ұйымы балалардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық сақтық шараларды қабылдайтын болады. Қазіргі таңда мектептер санитарлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оқу орындарын желдету, ылғалды тазалау, кварцтаудан тұратын кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар, үшінші оқу тоқсанында облыстың білім беру ұйымдарында карантиндік шараларды сақтауға қатысты арнайы топтар мониторингті жүйелі түрде жүзеге асырады.
kyzylorda-news.kz