Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сексеуіл кентінде жеке қабылдау өткізді

Аудан әкімі Сексеуіл кентінде жеке қабылдау өткізді

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Сексеуіл кентінің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі жұмыссыздық мәселесімен жүгінді. Қоғамдық негізде жұмыс жасап келген бірнеше тұрғын биылғы жылы да осы жұмысты жалғастыруды сұрады. Биыл қоғамдық негізде жұмыс беру үшін республикалық бюджеттен аз қаржы бөлінуіне байланысты жұмыс сұраушылардың әлеуметтік жағдайына қарай кезектілікпен жіберілетіндігі және қосымша қаржы бөлінген жағдайда жұмысқа шақырылатындығы түсіндірілді.

Бұдан бөлек, электрик, психолог, бастауыш сынып мұғалімі, ағылшын тілі пәні сынды мамандықтары бар тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасу бойынша өтініштерін білдірді. Әрбір келушінің мәселесін мұқият тыңдаған аудан басшысы заңдылығына сәйкес аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы бос жұмыс орындарына кезектілікпен жіберілетіндігін айтты. Тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша кент әкімі мен жауапты басшыларға басқа да мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

Қабылдауда болған бір топ белсенді жастар кенттің кейбір аймақтарындағы тұрғын үйлерге электр қуатының аз берілетіндігін айтты. Бұдан бөлек «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының айырығынан кентке бұрылар тұстан көрнекі жазу орналастыру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Кентте электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан аудан басшысы аудандық электр торабын тарату мекемесінің басшысына тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қажетті электр тогының үзіліссіз берілуін бақылауды ұстауды тапсырды. Ал екінші айтылған мәселе бойынша жауапты орынбасарына «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізуді жүктеді.

Сонымен қатар тұрғын үй мәселесімен жүгінген тұрғынға алдымен кезектілікте тұру қажеттігі түсіндіріліп, реттілігімен баспана беру жолдары қарастырылатындығы айтылды.
Қабылдау соңында аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселенің тікелей назарында болатындығын айтып, жауапты орынбасарлары мен кент әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

21 қаңтар 2022 ж. 842 0