Аралдың ажары айшықталып келеді
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу - маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар" – дейді хакім Абай. Расында қай уақыттан да қоғамның, адамның басты қажеттілігін өтейтін ортаның маңыздылығы орасан зор. Майда-шүйде тұрмыстық қажеттілігіңнен бастап, өзге де мұқтажыңды қанағаттандырып тұрған базар – қаланың көркі.
Сөзді әріден бастайық. Арал қаласының әкімі Ербол Талекенов көше комитеттері төрағалары мен ардагерлерді қабылдап, қаладағы істелген жұмыстар жайлы, соның ішінде "Жақсат" коммуналдық базары жайлы баса айтты. "Жақсыны көрмекке" демейді ме?! Жиналыстан соң бір топ ардагерлер базардың иесі кәсіпкер Ләйла Мәмитанованың аудандағы атқарып жатқан жұмыстарымен танысу мақсатында кәсіпкер ханымға тиесілі бірқатар нысандарды араладық.
"Жүзі жылыдан түңілме" дейді ғой. Ләйла Мәмитанова аралауға барған ардагерлер Аманжол Жолмағамбетов, Серік Жақсылықов, Болатбек Жұбандықов және мені кішіпейілдікпен қарсы алды. Ізеттілік танытып, сәлем беріп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін, барған шаруамызға кірістік.
Өзгеріс бірден байқалып-ақ тұр. Бұрынғы "Қанағат" базары адам танымастай өзгерген. Ішіне кірмей тұрып, сыртындағы арнайы салынған дүңгіршектерді көрдік. Араладық. Іші жылы. Тіпті көйлекшең тұрған сатушыларды көргенде жасалған жағдайға айтпай-ақ көзіңіз жетеді.
Одан әрі базардың ішіне кірдік. Базар іші жинақы. Таза. Сатушыларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Тамақтанатын және қол жуатын орын да қарастырылған. Ал ең бастысы, көгілдір отын тартылып, жылу жүйесі жүргізілген. Іші жылы. Баға да тұрақты. Бұған бірден-бір себеп сатушылардың тұраққа төлейтін жалдау ақысы да төмен. Сондықтан базар бағасында да өзгеріс бар. Осыдан шамалы уақыт бұрын ғана сатылған заттардың бағасы бүгінде төмен бағада сатылып тұр.
Бұл ретте Ләйланың азаматтығын да айта кеткен жөн болар. Базар жанындағы әлеуметтік дүкен ашып, тәулігіне 21 нанды әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға тегін таратып отыр. Сонымен қатар базар жанындағы әк сататын сатушы Маралдың айтуынша:
– Осы жерде саудамды жасап, кәсіп етіп келемін. Міне, осымен 4 ай болды. Жер салығын төлетпеді. Бұл да үлкен көмек, – деп алғысын айтты.
Тағы бір аралаған нысанымыз балабақша болды. Ашып айта кетейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңаауыл мөлтек ауданынан "Жақсат" автобекеті ашылған болатын. Содан бері көптеген адамды жұмыспен қамтып, түрлі бағыттағы маршруттар, автобустар қатынасын жүйелі ұйымдастырып, елдің алғысын алып келді. Бүгінде осы нысанды мектепке дейінгі білім беру орталығына айналдырып, Ләйла Мәмитанова бүлдіршіндердің де қуанышына кенеліп отыр. Иә, қазақта "қуантсаң, баланы қуант – ақылына сәуле түссін" деген тәмсіл бар. Расында сәулелі ақыл алысқа жетелейді, биіктерді бағындырады. Осыны ойлаған кәсіпкер бұрынғы "Жақсат" автобекетінің орнына "Детад" балабақшасын ашып, ішін заманға сай толықтай жабдықтап отыр. Санитарлық жағдайға толықтай сәйкес келетін ғимараттың іші кең, әрі жарық. Балаларға арналған жатын орны, асханадан бөлек, ішінде де, балабақша ауласында да бүлдіршіндердің ойнауына арналған орталықтар ашылып, толықтай жағдай жасалған. Бүгінде бұл жерді аудандық білім бөлімі жалға алып, балалардың мектепке дейінгі білім алуына жағдай жасауда.
Осы ретте аудандық білім бөліміне ұсынысымызды да айта кетсек деймін. Қаладағы "Балдырған" балабақшасының қазіргі жағдайы белгілі. Ғимараттың ескіруіне байланысты бүгінде уақытша екі қабатты үйді жалға алып, сол жақта балалар білім алып келеді. Бірақ ол жерді көзімізбен көрген кезде мына жағдайларға куә болдық. Екі қабатты үйдің бөлмелері де, асхана да мұндағы балалар үшін тарлық етеді. Сондықтан аудандық білім бөлімі "Балдырған" балабақшасының тәрбиеленушілерін осында орналасуға мүмкіндік жасаса дегіміз келеді.
Иә, бүгінде ел ағасы жасына жеттік. Жақсылы-жаманды күндерді елмен бірге өткердік. Бүгінде қуанатынымыз – осындай елге, жерге жанашырлық танытатын жандардың көп болуы. Бір ғана бағытта емес, халық үшін бірнеше бағытта кәсіп жүргізіп, сондай-ақ қаланың ажарлануына да үлес қосып келе жатқан Ләйланың жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта да Аралдың айшықталуына септігі тиетін бастамалар күтеміз. Елдің амандығы мен халықтың саулығы, қаланың ажары және жастардың болашағы. Осының барлығы болса, ауданымыздың дамуына күмәніміз жоқ.
Жақсыбай ЖҰҚАБАЕВ,
Т.Тоқтаров, М.Өтемісұлы көшелерінің көше комитеті төрағасы