Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар Мәжіліс депутаттарына көкейдегі сауалдарын жеткізді

Аралдықтар Мәжіліс депутаттарына көкейдегі сауалдарын жеткізді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Ғалым Әміреев пен Бақытбек Смағұл Сыр өңіріндегі жұмыс сапарын шалғай жатқан Арал өңіренен бастады. Халық қалаулылары алдымен Қамыстыбас елді мекендегі Қамбаш көлінің жағдайымен танысты. Одан әрі «Аспай» су бұрмасында сала мамандарымен кездесіп, балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша пікір алмасты.
Аманөткел ауылдық округіне келіп, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары қуаңшылық салдарынан мал азығының тапшылығы, жем –шөп бағасының қымбаттауы, аяқ су мәселелері төңірегінде сөз көтерді.
Депутаттар қуаңшылық бірінші кезекте назарда тұрған мәселе екендігін жеткізіп, бұл бағытта арнайы жобалар дайындалғанын, соған қажетті қаржы бөлуге ықпал жасап, бақылауда ұстайтындықтарын білдірді.Осы тұста атап өту керек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Махмұтбайұлы Әміреев былтыр қуаңшылықтан зардап шеккен Арал,Қазалы өңірлеріне 60 тонна жем жеткізуге ықпал етті.
Ал Бөген ауылы тұрғындары шабындық жердің азаюы, балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, балабақша, медициналық бекет, мәдениет білім, денсаулық сақтау нысандарын салу жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Аталған мәселелер бойынша депутаттар медпункт және ауылдық клубтың жобасы жасалып, актілік құжаттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің балабақша ашуы бойынша барлық қолдау көрсетілгендігі туралы ақпарат берді.
17 ақпан 2022 ж. 599 0