Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарыс жүлдегерлерін қабылдады

Жарыс жүлдегерлерін қабылдады

Бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлу жұмыстары өте белсенді жүргізіліп келеді. Әлеуметтік қолдаулардан бөлек те қамкөңіл жандарды өмірге бейімдеу шаралары көптеп атқарылып келеді.
Міне, солардың бірі ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған бочча үйірмесінің жұмысы болатын. Осыдан аз уақыт бұрын ғана алғаш болып қаладағы №14 мектеп-лицейі мен №64 орта мектепте бочча үйірмесі ашылды деп қуанышты жаңалықпен бөліскен едік. Міне, істелген жұмыстың нәтижесі қазірде көрініп тұр.
Нақтырақ айтар болсақ, елімізде тұңғыш рет бочча спортынан ұйымдастырылған жарыста республиканың әр аймағынан 98 бала бақ сынаған болатын. Айтулы додада сайысқа түскен №220 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Шаханова Жангүл I орынды, №83 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Қанатбек Жанарыс жүлделі II орынды иеленді. Аудан әкімі С.Сермағамбетов Нұр-Сұлтан қаласында өткен осы жарыстан олжалы қайтқан жүлдегерлерді қабылдап:
– Сіздер республикалық турнирде оза шауып, жоғары нәтижеге қол жеткізу арқылы ауданның мерейін өсірдіңіздер. Бұл – тынымсыз дайындық пен төккен тердің жемісі. Оқушыларды еліміздегі жаңа леппен дамып келе жатқан спорт түріне баулып, қызығушылығын арттырып, дайындаған үйірме жетекшілерінің еңбегі зор деп білемін. Сонымен бірге балалардың осы жарысқа қатысуына атсалысып, демеушілік жасаған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да спортты серік етіп, жоғары жетістіктеріңізбен ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызды қуанта берулеріңе тілектеспін. Денсаулықтарың мықты, болашақтарың жарқын болсын! – деп аудан басшысы ізгі лебізін білдірді.
Мұнан соң жүлдегер оқушыларға аудан әкімінің Құттықтауы мен естелік сыйлықтар және жаттықтырушы ұстаздары – «Бочча» үйірмесінің жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды. Кездесуде оқушылардың ата-аналарымен бірге жаттықтырушы ұстаздары да болды.
"Толқын" ақпарат
21 ақпан 2022 ж. 607 0