Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » BASTAU-мен кәсіп бастаған

BASTAU-мен кәсіп бастаған

Қазір кәсіп бастаймын десе кез келген жанға мемлекеттен қолдау бар. Оған түрлі бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер қатары дәлел. Әркім өзінің ебіне қарай еңбек етіп, көрпесіне қарай көсіліп жатыр. Тек қызметін асыра пайдаланып, жалған атағымен жұрттың жолын кесіп жүргендерден сақтасын. Қысқасы, қарекет қылсаң бейнетіңе сай берекет бар. Осыны ұғатын кез жетті. Бір ғана мысал. Ауданда Атамекен кәсіпкерлік палатасы арқылы кәсіпке деген ынтасы бар талай жан бүгінде өз-өзін жұмыспен қамтыды. Жұртқа жұмыс беріп жатқан жандар қаншама?! Бара қалсаңыз қажетіңізге сай көмек алып, сол мекеме арқылы жүзеге асып жатқан түрлі бағдарламаларға қанығасыз. Кәсіпкер болам, қолымнан келеді десеңіз, мархабат!

Бір кездері шаруашылықтан хабары бар, жан-жағы мал баққан жұрттың ортасында тұрмыс кешкен Нұргүл Әшімбаева да кәсіпкер боламын деп ойламаса керек-ті. Алайда қазіргі күнкөріс қамы Нұргүлді осындай шешімге алып келді. Нақтысы, жылқы бағатын Нұргүл Жұбандыққызы 2021 BASTAU-мен кәсіп бастауға бел буған жандар қатарынан. Ол 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау бизнес» оқу жобасын сәтті аяқтады. Өткен жылдың аяғы 2022 жылдың қарсаңында өз жобасын қолға алып, атап айтқанда, жылқы шаруашылығын іске асыруға бел шешті. Осы мақсатта «Атамекен-Кызылорда» МҚҰ-нан 2 млн 700 мың теңге көлемінде несие алып, жылқы шаруашылығын жүргізуде. Өзі Аққұм ауылдық округі Шижаға ауылының тұрғыны. Шаруашылықтың барысы жайында білмек болып кейіпкеріміздің өзімен хабарластық. Алғашында мал жайлайтын сәтке тұспа-тұс келдік пе, көп сөйлесуге мүмкіндік болмады. Оның үстіне биылғы қыстың қытымыр қылығы да көп шаруға оңай болып тұрған жоқ. Оған кешегі орын алған қуаңшылық жағдайын қосыңыз. Демек малға күтім көп керек екені айтпаса да түсінікті. Сәті түсіп тілдестік.
– Біз осы Шижағаның басындамыз. Өткен жылы кәсіпкерлік мақсатта оқып, ойға алған кәсіпке қол жеткіздім. Бұл жерде маған көп қолдау көрсеткен, ауыл әкімшілігіне және палатаның қыз-жігіттеріне рақмет. Көп жерде құжаттамалық жұмыстар жағынан көмек берді. Бағыт-бағдар сілтеді. Нәтижесінде өткен жылдың соңында жылқы алу үшін қомақты қаржыға қол жеткіздім. Ол ақшаға 5 бас жылқы сатып алдым. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой. Қырсыққанда былтырғы қуаңшылықтың салдары біз секілді шаруаларға соққы болып тұр. Қазірдің өзінде төл береді деп күтіп отырған үш бастай жылқы іш тастап кетті. Қалғандарынан да үміт шамалы. Жылқы деген жануар бір жұқарса оңалуы қиын екен. Қазір солардың күтімі үшін жем-шөпті үзбеуге тура келеді. Ал сол жем-шөптің қорын бірқалыпта ұстап тұру да бізге оңай соғып тұрған жоқ. Қалтаға салмақ салып барады. Біз секілді шаруаларға осындай жағдайда жем-шөп есебінен қолдау болса дейміз. Субсидия мәселесі де біз үшін шаруасы көп жұмыс болып тұр. Басты мақсат – алдымыздағы мал басы санын осы қыстан аман алып шығу, – дейді Н.Әшімбаева.
Иә, мал баққанға бітеді. Ал сол малды бағудың бейнеті бес батпан екенін білетін боларсыз. Сондай істі тіксінбей таңдаған Нұргүл бүгінде жолдасы (жұбайы) Сәкен екеуі мал қораны кезек-кезек қарап жүр. Балалары да жәрдемші. Бірде шөп, бірде жем салу бұл жандардың күнделікті ісіне айналған. Былтырғы қуаңшылық, биылғы қар көп өтпей-ақ малды қолға тұрғызды. Өйткені көбісінде қысқа түсер қоң жоқ. Оны Сәкен мен Нұргүл жақсы біледі. Десе де ауыл шарушылығының бұл саласын дамыту жолында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырған орталықтарға Нұргүл Әшімбаева секілді шаруалардың алғысы зор. Бұл жолдағы еңбекқор жандарға біз де мол табыс, кәсіптеріне береке тілейміз.

А. ҚАРАСАЙ

22 ақпан 2022 ж. 341 0