Бағытымыз–Астана бергені мол бастама
Үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегі. Кеш қоюлана түскенде «Қызылорда-Көкшетау» пойызы орнынан ырғала қозғалды. Жолдамыз. Облыс әкімінің қолдауымен қолға алынған берері мол бастаманың негізгі мақсаты біреу-ақ. Нақтырақ айтсақ, құрылғанына 5 жылға жуықтаған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты редакция журналистерін Астана қаласындағы республикалық басылымдар жұмысымен таныстыру.
Хош... Ұлан-ғайыр дала, қатпар-қатпар тау, жарыса құлдилаған бұлақ. Терезеден көз тіккен сайын сүйсіне түсесің. Осыншама сұлу табиғатты ұрпаққа аманаттаған бабалар ерлігіне іштей тағзым етесің. Әне-міне дегенше, Алаштың бағына баланған, шартарапқа шуағын шашқан шаһарға да таядық. Жүрегіміз өзімізде жоқ. Көңілімізден шаттықтың лебі еседі.
Алдымен қаламды серік еткендер келер жылы 100 жылдығын атап өтетін, қиялы ұшқыр зиялылардың қолтаңбасы қалған, бір сөзбен айтқанда, журналистика саласының ұстаханасына айналған «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына бас сұқты. Еңселі ғимарат іші қарбалас. Алтын уақыттарын бөліп, «Сыр медиа» құрамын құшақ жая қарсы алған «егемендіктермен» бұрыннан таныс адамдай әп-сәтте бауыр басып кеттік. Бас-аяғы 2 сағатқа созылған дөңгелек үстелдегі басқосуда сан алуан тақырыптар қаузалды. Әсіресе, ақпарат таратудағы көкейтесті мәселелердің тіні тарқатылып, уақыт талабынан туындаған сайт жұмысын жандандыру бағытында тың идеялар ортаға салынды.
Иә, «көп естігеннен бір көрген артық». Осы бір қағиданы басты бағдар еткен Сыр өңірінің өкілдері ғасырлық тарихы бар қара шаңырақта еңбек еткен қаламгерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алып жатты. Кездесу барысында «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары–бас редактор Айбын Шағалақ:
–Әріптестеріміздің ынтасы зор екенін айқын аңғардық. Салмақты сұрақтарды тыңдадық. Мұндай жүздесулер жиі ұйымдастырылып тұрса, саланың әлеуеті арта түсері сөзсіз,–деп алдағы кезеңдерде де сырбойылықтармен шығармашылық байланыс нығаятынын сеніммен мәлімдеді.
Өз кезегінде «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Оңғарбаев: –«Егемен Қазақстан» газетінен қай басылымның да үйренері көп. Бүгінгі семинардан біраз сұрақтардың жауабын тапқандаймыз. Бас басылымның жұмыс істеу саясатындағы соны өзгерістерге өте риза болдық. Соның ішінде интернет жүйесіндегі жаңаша қадамдар ұнады,-деп ойын білдірді. Ал, облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бейсембина іргелі ұжымға естелік кітап тарту етті.
Жалпы, оқырман оясынан шығуға барынша көңіл аударған ұжым «Егемен ТV» арнасын ашып, видеолар жариялауды қолданысқа енгізген. Оған назарға ұсынған слайдты тамашалағанда көзіміз жетті. Қоғамның күнгейі мен көлеңкесін тақырыпқа арқау еткен әрбір сюжеттер көпшілік тарапынан қолдау тауып үлгіргені тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, «Өрнек», «Стадион», «Сарапшы пікірі» сынды жобалар қалың бұқара тарапынан үлкен қызығушылық туғызған. Көрдік, көп нәрсені көңілге түйдік.
Нақ сол күні түс ауа «Казахстанская правда» газеті редакциясына да барып, тәжірибе алмасқан қызылордалық тілшілер орыс тілінде ақпарат тарататын басылымнан да алар тәлім жеткілікті екенін сезінді. Яғни, ресми түрде жарық көретін газеттің бетінің көркемдік мазмұнын жақсартудағы, тақырыптарды тартымды етудегі ұстанымдарынан қажетінше мағлұматтар алды.
Содан соң, «Казмедиа» орталығына асыға бет бұрдық. Себебі, естуіміз бар, көрмегенбіз. Қазақ еліне ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне хабар тарататын бұл жердің орны бөлек екен. Телеарналардың басым бөлігі осында шоғырланған. Бесаспап мамандардың жұмысы қызу. Астана әсерлерінен арыла алмаған әріптестер кәсіби қызығушылық жетегінде жаңалықтар жүргізетін, танымдық-шоу бағдарламалар түсіретін студияларды еркін аралап жүр. Бірі–тележүргізуші кейпіне енсе, енді бірі–бала жүрегін баурайтын «Балапан» бағдарламасының тізгінін қолға алуға асық.
Жасыратыны жоқ, біз қаласақ та, қаламасақ та, қазіргі заман интернетке бет бұрған. Ертесіне облыстық топ «Спутник Қазақстан» агенттігіне бас сұқты. Стратегиялық маңызға ие нысанда еңбек ететін қызметкерлер «басқалар айтпағанды біз айтамыз» ұранын ұстанған. Тектен тек емес. Бәрі дерлік көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алудың хас шебері. Содан да шығар, аталмыш орталық журналистерінің бұл істе мерейлері үстем екені салғаннан байқалып тұр.
«Сыр медиа» өкілдері екі жақты байланыс орнату жолдарын пысықтап, кең көлемде пікірлесті. Тәжірибе алмасу соңында редактор Айымгүл Әбілова баспасөз саласында жарқын істің басында жүрген бас директор Аманжол Сақыпұлына, облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бейсембинаға алғаусыз алғысын жеткізді.
Жаңа ғасыр, жаңа талап. Өркениет көшіне бет түзеген тәуелсіз Қазақстан оқу орындарын шетелдік стандартқа бейімдегелі қашан. Атағы алты құрлықтан асқан Назарбаев Университеті Сыр бойынан келген қауымның назарынан тыс қалмады. Өзгеше сәулетте тұрғызылған ғимарат ішін аралап, студенттер жатақханасын көрдік. Ағылшын тілін жетік меңгерген жастарға білім ордасына есік ашық. Жастарға бар жағдай жасалған университетте тек ойы озық, сауаты жетік болашақ иелері білім нәрімен сусындауда.
Сол күні бесін ауа Назарбаев орталығына да аялдадық. Алыстан мен мұндалайтын орталыққа келушілердің қарасы басым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының саясаттағы салмағын дәлелдеген шет ел мемлекет басшыларының түрлі естелік сыйлықтар көздің қарашығындай сақтаулы. Бізге бәрі таңсық. Жазып та, айтып та түгесе алмайтын сияқтымыз.
Түйін. Екі күндік сапардан рухани байлық алып, ой-танымдарын кеңейте түскендер алған әсерлерін ұялы байланыс телефондары арқылы туған жерлеріне жіберу үстінде. «Көп екен көргенімнен көрмегенім» деген ой тіркесі осындайда айтылса керек. Қайтар жолда Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап Қызылорда облысы тарту еткен ұлттық ғарыш орталығына барып, жер мен аспанды жалғастырған алып зымырандардың макетін тамашаладық. Сол маңда серуен құрған қала тұрғындарымен пікірлестік. Көбі Астананың ажарына ажар қосқан жаңа алаңнан жұртшылық арылмайтынын алға тартуда.
Марқайып қайттық.
Абай Елеш.
Астана-Арал.