Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі

Қызылордада әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі

Қызылорда облысында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне көңіл бөлінуде. «Әлеуметтік кәсіпкерлік» мәртебесі халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуда, тауарлар өндіруде төрт санат бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов хабарлады.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік – экономиканың таяуда ғана пайда болған жаңа секторы. Былтыр ҚР Үкіметімен «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидалары» бекітілген болатын. Осы уақыттан бері арнайы электрондық дерекқор жұмысы іске қосылды. Ендігі жерде, заң аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету, салықтық жеңілдіктер беру, қаржылай қолдау көрсету, мүлікті жеңілдікпен жалға беру, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік әріптестерді іздестіруге жәрдемдесу сынды мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады», – деді басқарма басшысы Фердоуси Қожабергенов.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамда қалыптасқан әлеуметтік, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бизнес түрі. Жыл басынан бері үш кәсіпкердің өтінімі қабылданды. Алайда, мемлекеттік кірістер органына жылдық есептерінің жолданбауына байланысты құжаттар кері қайтарылды.
«Кәсіпкерлерді тізілімге енгізу 4 санат арқылы жүргізіледі. Бірінші санатқа мүгедектігі бар адамдар мен олардың заңды өкілдері, зейнет жасындағы азаматтар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар жатады. Екінші санатқа азаматтар өндіретін тауарларды орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді өткізуге ықпал ететіндер енеді. Үшінші санатқа тұрмыста тыныс-тіршілікті қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер мен әлеуметтік-психологиялық қызметтер және әлеуметтік еңбек қызметтерін көрсету енгізілген. Ал төртінші санатқа отбасын нығайтуға, мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, мәдени-ағартушылық қызметтер енеді», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.«Әлеуметтік кәсіпкердің түпкі мақсаты – тауарлар мен қызметтерді сату арқылы әділетті қоғам құру. Бір қарағанда, әлеуметтік мәселені шешу кез келген коммерциялық компанияның басты мақсаты деп ойлаудың өзі утопиялық болып көрінуі мүмкін. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік коммерциялық емес ұйыммен бірдей емес екенін есте ұстаған жөн», – деді Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің камеральдық мониторинг басқармасының басшысы Гүлнар Исаева.

kyzylorda-news.kz​​​
10 наурыз 2022 ж. 225 0