Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрлет, Наурыз, нұрға бөлеп әр таңды

Төрлет, Наурыз, нұрға бөлеп әр таңды

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген сөздің қадірін білетін халқымыз үшін 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінен асқан мереке жоқ шығар. Сондықтан да болар оған ұлттық сипат берілгені. Бұл мереке халқымыздың тыныс-тіршілігімен, өмір-салтымен тығыз байланысты екені айтпаса да белгілі. Бұл күнді халқымыз ақ түйенің қарны жарылған құтты күнге балап, даламызды Қызыр баба аралайды деп пайымдаған. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жоқшылықтан өтіп, тоқшылық болсын деп ырымдаған елдің тілегі бір, ниеті ақ. Бұл мерекені тойлау кешегі Тәуелсіздік жылдарының алдынан бастап қайта жанданған болса, соңғы 1-2 жылдықта елімізді жайлаған пандемия салдарынан кең көлемде тойлау мүмкіндігі болмағаны белгілі. Енді, міне, Ұлық мереке қайта жанданды.
Ай толысқан шақта, арайлы күннің шапағына бөленіп, орталық алаңды бетке алған қауымда есеп жоқ. Өйткені орталық алаң Наурыз тойын тойлауға арнайы безендіріліп, ескілікпен қауышатын, озық дәстүрді қайта жаңғыртар мерейлі мезетте тұр. Сағат таңғы 10.00-дер шамасында ел орталық алаңға лық толды. Мерекелік қойылым салтанат құрған шақта аудан әкімі Серік Сермағамбетов бастаған зиялы қауым өкілдері алдымен сахналық қойылымды тамашалады.
Ұзатылған қыздың араға жылдар салып төркін жұртына сәлем бере келуі – халқымыздың тұрмысына тән ерекеше дәстүр. Бұл үрдіс әлі күнге ұлтымыздың жадынан өше қойған жоқ. Міне, осы бір дәстүр Ұлыс күні қарсаңында қайта жаңғырды. Қайын жұртқа сәлем бере келген күйеу баланың ізеті мен құрметі, құда-құдағайдың жыл қарсаңында көрісіп, төс қағысуы, нағашы жұртына алғаш келіп жатқан жиенге тай мінгізіп, көрімдік беруі – бәрі-бәрі алаңға жиылған жұрттың назарын өзіне аударды. Бұл көріністе тұсау кесу рәсімі де ұйымдастырылды. Өз еліне келген келін ізгі дәстүр бойынша елдің сыйлы ақсақалы, ауданның абызына айналған, қарт қаламгер Шәкірат Дәрмағамбетовке баласының тұсауын кестірді. Ел алдына шығып, дәстүр бойынша тәй-тәйлаған бүлдіршіннің тұсауын кескен ақсақал халқымызды Ұлық мерекемен құттықтап, қадам басқан құлыншаққа ақ батасын берді.
Мұнан соң аудан әкімі С.Сермағамбетов сахана төріне көтеріліп, айтулы күні алаңға жиналған қауымды, барша аралдық ағайынды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз күнімен құттықтап, жылы лебізін арнады.
– Тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер-Ана жаңаратын, күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы еритін елеулі шақта тұрмыз. Сіздерді осы бір мерейлі сәтпен тұспа-тұс келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Құрметті ағайын, ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтай түсетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын,  –деген аудан басшысы, бұл мерекенің маңызына тоқталып, шығу тарихын тілге тиек етті.
Айнала тігілген ақшаңқан үйлер. Алаш баласына пана болған бұл шаңырақ әсте береке мен мерекенің басты дәнекері. Бұл жолы да солай болды. Жұртшылыққа есігін айқара ашқан киіз үйлердің жанында қазан-қазан көже асылып, келген жұртқа дәм ұсынылуда. Бұл да ұлттық мерекенің мәнін айшықтай түсетіндей. Киіз үйлердің атауы әртүрлі болғанмен, көрсететін қызметі жалпы халыққа бірдей. Жас пен жасамысты да, аға буын мен ардагерді де осы маңнан көресіз. Айта кетейік, мереке қарсаңында алаң маңындағы темір жолдың арғы бетінде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ол жерде де молшылық мерекесі өзі мәнінде ұйымдастырылған. Тіпті халыққа тегін балық үлестіріп, елдің батасын алған азаматтарды жолықтырдық. Ал саудаға түскен өнімдер әдеттегі базар бағасынан төмендетіліп, келушілерге ұсынылды. Аудан әкімі жәрмеңкеде болып, мерекелік көңіл күй салтанат құрған алаңда қаз-қатар тігілген ағаш үйлерге бас сұқты.
«Кәсіпкерлер үйі». Маңдайында осылай деп жазылған алтын уық ақ ордалы үйде ақ дастарқан жайылып, мерекелік мәзір ұсынылған. Кіріңіз де дәм татыңыз, мархабат. Ішінде елдің жайсаң азаматтары. Экономиканың негізі демеушісіне айналған бұл сала бүгінде қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Нәтижесінде аудан кәсіпкерлері де біршама жетістіктерге қол жеткізіп, саланың мақтанышына айналды. Аудан басшысы осы саланың бірлесе тіккен шаңырағына бас сұғып, ұлттық астан дәм татты. Игі дәстүрге сай өмірге енді қадам басқан балақайдың тұсауын кесіп, қадамына құт, жолына жақсылық тіледі. Сосын сурет өнерінің жауһар туындылары шоғырланған жерде болып, көрнекі суреттерді тамашалады. Одан кейінгі қатар халқымыздың ұлттық тағамдары әзірленген жер. Аудан әкімі бастаған зиялылар бұл жерде де болып, түрлі дәмдерден ауыз тиіп, өздерінің лайықты бағасын берді. Бұл жерде ауданға қарасты мектептер мен балабақша қызметкерлері тағамның сан-алуан түрін әзірлеген. «Ұлттық тағамдар байқауы» деген сөздің өзі сол тағамдар бойынша арнайы комиссияның шешімімен үздік тағам әзірлеген ұжымға мерекелік марапат, абыройға бөлер жүлделі орын бұйырмақ екенін аңғартып тұрғандай. Солай болды да. Байқаушылардың шешімімен қаладағы "Шағала" балабақшасы ұсынған ұлттық тағамдар үздік деп танылды. Дәмді асты жұртшылыққа ұсынған қызметкерлердің қазақы киімі де байқаушылар назарына алынған.
Сәл қадам аттасаңыз, атойлаған ұран, жігерлендірер жанды дауыс құлағыңызға келер. Бұл жерде қазақтың ұлттық спорты  – қазақ күресінен сайыс өтіп жатыр. Ертең елдің атын әлемге танытар жас барыстар бозкілем төрінде 5 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. +50 келі салмақта ақтық сынға шыққан аралдық Р.Дәулетбек пен қарақұмдық Е.Әскеровтің өзара белдесуі аса тартысты өтті. Қонақтардың қанатты сөзіне шабыт алған қарақұмдық жас балуан 2 ұпай айырмашылығымен алда келе жатыр еді. Белдесу аяқталар сәтке санаулы секундтар қалғанда күтпеген жерден аралдық Рахман қарсыласын таза әдіспен түсіріп, жүлдені қанжығасына байлады. Бұл енді қазақ күресіне тән құбылыс.
Ұлттық мереке үлкен сипатқа осындай көріністерімен ие. Асық атып, ләңгі тебу, атқа мініп, алтыбақан аясында тербелу. Біз сөз еткен қазақы дәстүрлер мен ұлттық спорт түрлерінің жалпы жиынтығы осы алаңда көрініс тапты. Өйткені бұл – әз Наурыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын,

(Өз тілшімізден) 
22 наурыз 2022 ж. 581 0