Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңес алғашқы отырысы өтті

Қоғамдық кеңес алғашқы отырысы өтті

Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған осы кеңестің төрағасы А.Жоланов төрағалық етіп, жиналғанғандарға күн тәртібіндегі мәселені таныстырды. Жыл басынан бері алғаш рет өтіп отырған бұл жиынға қоғамдық кеңестің жаңадан сайланған мүшелері, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаев, және бейне байланыс арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғ.Ілкібаев қатысты.

Алдымен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 2021 жылы атқарылған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы осы бөлімнің басшысы А.Тасқынбаев хабарлама жасады. Ауданның өзекті деген жұмыстарын бағдарлап, қажеттілігіне сай жұмыс жүргізуді қолға алып келе жатқан бұл бөлімге айтылатын ұсыныстар жеткілікті. Әсіресе ауданның жол және инфрақұрылымына қатысты сауалдар. Қоғамдық комииссияның алғашқы отырысында осы мәселелер жан-жақты қаузалды.
Жиында аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, сексеуілдік белсенді Б.Ізбасаров Арал ауданы мен Сексеуіл кентінің аралығындағы автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет ететінін, Сексеуіл кентіндегі К.Байсейітова, М.Шоқай, Есболов, Жаналиев, Рысқұлбеков, Бигелдинов көшелерімен көктем және күз мезгілдерінде жүру мүмкін еместігін, сондықтан мүмкіндігіне қарай асфальттау қажет екендігін алға тартты. Ал, Ақтан батыр көшесі және Привокзальная көшелерінде ретсіз орналасқан бағаналарды ауыстыру және Дружба көшесіндегі апатты жағдайда тұрған бағананы жаңалау керек деген ұсынысын жеткізді.
Бұл ұсыныстар төңірегінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаев:
– Ауданға қарасты 643 км автомобиль жол бар. Жыл сайын осы жолдарды күтіп ұстауға 12 миллион теңге қаржы бөліенеді. Бұл әрине аз. Біздің бөлім тарапынан аудан әкіміне жолдарды күтіп ұстауға қаржыны ұлғайтуға байланысты ұсыныс берілді. Жалпы аудан бойынша 17 көшеге проектілік-сметалық құжаттары дайындалды. Соған байланысты алдағы уақытта жұмыстар жүргізіледі, - деді.
Мұнан соң қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Е.Аяғанов ауданда осы салаға қатысты өзекті деген бірнеше мәселені аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің назарына ұсынды. Сосын қоғамдық кеңес мүшесі Т.Сүлейменов:
– Ауданда елді мекендерге заңсыз қатынайтын жеке жеңіл автокөліктердің (такси) көбеюіне байланысты Бөген, Қаратерең, Қарашалаң елді мекендеріне қатынайтын автобустардың тасымалына кедергісін келтіріп отыр. Осы мәселе заңды түрде жолға қойылса. Мұнан өзге екінші мәселе Қызылжар елді мекеніне баратын 3-4 км жол қалып қойған, бұл жергілікті тұрғындардың жол қатынасына қиындық туғызуда. Өткен жылы салынған Байтұрсынов көшесінің асфальт жолы сапасыз салынған. Ал №14 орта мектепке барар жолдағы жарық шамдарының бағаналары құлау қаупінде тұр. Осы мәселелердің орындалуына ықпал жасасаңыз, – деді.
Бұл ұсыныстарға қатысты бөлім басшысы А.Тасқынбаев бірінші мәселеге байланысты ауылдық округ әкімдеріне хат жолданғанын, Қызылжардың жолына қатысты осы жылы қаржы бөлінсе бітіруге жұмыс жасайтынын, Байтурсынов көшесінің асфальтін салған мердігерлер алдағы уақытта қайта жөндеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
Арал аудандық Қоғамдық кеңесі "Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" бөлімі арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 2021 жылы атқарылған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы» бөлім басшысы А.Тасқынбаевтың хабарламасына кеңес мүшелерінің пікірлеріне байланысты бірнеше ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет көрсетуде мерзім бұзушылыққа жол берілмеуін қатаң түрде бақылауға алу, қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін азайтып, электронды үкімет порталы арқылы қызметтердің үлесін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту, жарты жылдықпен электрондық көрсетілетін қызметті 90 пайызға жеткізу, аудан көлемінде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу мақсатында қала, кент, ауылдық округтерге арналған іс-шара жоспарын ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін әзірлеу, баламалы негізде көрсетілетін қызметтердің электронды түрде тапсырылуы жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің 6 айдың қортындысы бойынша қоғамдық кеңеске атқарылған жұмыстары туралы мәліметтер беру ұсынылсын деген ұсыныстар бар.

«Толқын» ақпарат
29 наурыз 2022 ж. 360 0