Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында ет чипсиі өндіріледі

Қызылорда облысында ет чипсиі өндіріледі

Қызылорда облысында ет чипсиі өндіріледі. Кәсіптің бұл жаңа түрін аймаққа жас кәсіпкер Данияр Тыныштық әкелді.
Қаржыгер мамандығын игерген Данияр Тыныштық алғашқыда ет фаршын шығару, оны сауда нүктелеріне жеткізу ісімен айналысқан. Уақыт өте келе, бұл саудада бәсекелестер көп болғандықтан, ет өніміне қатысты жаңаша іс бастауды көздейді. Ғаламтор арқылы ізденіп, біршама уақыттан соң Чехия елінің астанасында ет чипсиі шығарылатынын біліп, Еуропаның осы еліне аттанады.

Етті түрлендіру мақсатында ет чипсиін шығару кәсібін қолға алдым. 2019 жылы Прага қаласына барып, ет чипсиларын сатып әкелдім. Шетелдік өнімді үлгі ретінде әкеліп, бұл жаңашылдықты өз елімізде де өндіруді қаладым. Бастапқыда шағын құрылғы алып, үйден шығара бастадым. Өнімге сұраныс бар екенін байқаған соң, мемлекет тарапынан берілетін көмекке иек арттым, - дейді Данияр Тыныштық.

Жас кәсіпкер өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн 600 мың теңге қайтарымсыз қаражат алған. Бұл қаражатқа кәсіпкер төрт кептіру аппараты мен вакуумды орау құрылғысын сатып алды. Мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкер қазіргі таңда кәсібінің жанданғанын айтты.
Кәсіпке қажетті құрылғыларға қол жеткізген соң жұмысым өнімді бола бастады. Қазіргі таңда Қызылорда облысынан тыс батыс өңірлеріне де жеткізудемін. Көбіне Атырау облысы мен Орал қаласынан сұраныс көп. Бұл қалаларға 500 теңгеге көтерме бағада өткіземін. Жалпы айына 1 500 дана ет чипсиін шығарамын. Бұл өнімді көбіне супермаркет пен алкомаркет кәсіп иелері алады. Сонымен қатар тілді қақтап, пастерленген пакетте сатуға шығарамын, - дейді кәсіпкер.

Данияр Тыныштық еттен жасалатын өнімді екі түрлі етіп шығарады. Бірі көпке танымал сырдан жасалатын чечилге ұқсас болса, екіншісі тілімдей чипси. Тек мұндағы басты шикізат майсыз жылқының еті. Кәсіпкер өнімге қажетті дәмдеуіштерді де шетелден алдырады. Бастапқыда ол картоп чипсиін өндіретін атақты «Lays» компаниясының қолданатын дәмдеуіштерін сұратқан.
Дүниежүзіне танымал компаниядан қолданатын қоспаларын сұратып алу оңай болған жоқ. «Қалауын тапсаң, қар жанар» демекші, барлығы өз ойлағанымдай болды. Қандай дәмдеуіштер қосу керек екенін біліп алдым. Дәл қазіргі сәтте менің ет чипсилеріме де сол компанияның дәмдеуіштерін қосамын, - дейді Данияр Тыныштық.

Кәсіпкердің ісін отбасы мүшелері түгелдей қолдайды. Оған бизнесте жары да көмек көрсетеді. Сондай-ақ етті кәсіпкердің әкесі көтерме бағада жеткізіп береді.

Бүгінде Сыр өңіріндегі кәсіпкердердің 28,5 пайызы сауда саласында болса, 25,4 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал 6,5 пайызы өнеркәсіп, 6 пайызы өңдеу өнеркәсібі, 5,1 пайызы көлік және қойма, 4,9 пайызы құрылыс саласында жұмыс істейді.


Аймақта тамақ, жартылай фабрикат өнімдерін өндірушілер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі қызылордалық «ЛТД КАУ» жеке кәсіпкерлігінің иесі Жансая Әлсейітова.

Кәсіпкер 2019 жылдан бері жартылай фабрикат өнімдерін дайындап, дүкендерге сатады. Қазіргі таңда кәсіпкер 35 түрлі тағам өнімдерін дайындап шығарады.

Бұл менің бірінші бизнесім емес, бұған дейін мейрамхана кәсібін бастағанмын. Алайда бұл іс өрге жүзбеді, соңында банкрот болдым. Оған себеп көп, соның бірі пандемия болды. Бірақ салым суға кетпеді. Дер кезінде есімді жиып, мейрамхананың аспазымен жартылай фабрикаттар дайындау бизнесін бастап кеттім. Алғашқыда етті базардан сатып алып жүрдік. Қазіргі таңда өзіміздің мал шаруашылығымыз бар. Оған қоса, жұмыртқа да өз өніміміз, тауық та асыраймыз, - дейді Жансая Әлсейітова.

Қызылордалықтарға «Good food Qyzylorda» атауымен танымал жартылай фабрикат цехында жаймадан бастап, самса, манты, түшпара, фарш қосылған болгар бұрышы, капустаға оралған фарш сынды өнімдердің түр-түрі бар.
Қазіргі таңда қаладағы 3 дүкенмен келісім шарт бойынша жұмыс жасаймыз. Бұл дүкендерде сөрелеріміз бар, аптасына бір рет өнімдерді шығарамыз. Сонымен қатар қала тұрғындары әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп, цехтан қатырылмаған өнімдерді алып кетеді, - дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Жансая Әлсейітова кәсібін кеңейту мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 10 млн. теңге несие алып, бұл қаражатқа кәсіпкер цехты жабдықтап, қажетті құрал-жабдықтар алды. Бүгінде цехта екі ауысым бойынша 4 адам жұмыс істейді.
Қызылорда қаласында жартылай фабрикат өнімін өнідіріп отырған «Қожантай» жеке кәсіпкерлігі бірнеше жылдан бері облыс орталығы тұрғындарын тез дайындалатын тағам түрлерімен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпкер өткен жылы «Қызылорда» ӨИО арқылы 9 млн. теңге несие алып, мемлекеттің қолдауына ие болған.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп. Мен де былтырғы жылы несие алуға өтінім беріп, 9 млн. теңге алдым. Бұл қаражатқа цехты кеңейтіп, рефрижераторы бар жүк көлігі мен негізгі құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазіргі таңда жұмыс ауқымы кең. Сейкесінше, өнім көлемі де артып отыр, - дейді кәсіпкер Бибігүл Қожантай.

Аталған микроқаржы ұйымы арқылы былтырғы жылы 40 млн. теңге несие алған «Ербошаев» жеке кәсіпкерлігі тәулігіне 5 мың бөлке нан шығарады. Қомақты қаражатқа кәсіпкер нан өнімдеріне қажетті шетелдік құрылғылар алған.

Біз күніне 5 мың бөлке нан шығарамыз. Оған қоса, нанның басқа да түрлері мен тәттілер, торттар шығарамыз. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алған 40 млн. теңге несиеге бір мезгілде 33 келі қамыр илейтін, қамыр таситын құрылғылар, қалыпқа салынған қамырды көтеретін пеш, тарату шкафы мен ресейлік үш «Муссон-ротор» нан пісіретін пеш сатып алдық, - дейді «Ербошаев» ЖК заңгері Қайрат Досымов.

Кәсіпкерлік нысан заңгерінің айтуынша, наубайхана өнімдері Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласындағы дүкендерге таратылады.

Айта кетейік, Қызылорда облысында биылғы жылдың есебі бойынша 57 мыңнан астам кәсіпкер бар, бірақ жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 51 849-ды құрайды.

15 сәуір 2022 ж. 525 0