Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су ұңғымасын қазу жұмыстары басталды

Су ұңғымасын қазу жұмыстары басталды

Аудан әкімінің сапары Қамыстыбас елді мекенінің тұсындағы Боранбай өңірінде жалғасты. Мұнда елді мекенге жаңадан қазылатын су ұңғымасының құрылыс жұмыстарын бастау шарасына қатысты.

Бұл маңға жиналған ауыл тұрғындары ел игілігі үшін қолға алынғалы жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, ниеттеп құрбан шалды.
Облыстық бюджет есебінен қаралған қаржыға "Ойл Су" ЖШС мердігер компаниясы алғашқы бұрғылау жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар өткен жылы орын алған қуаңшылық жағдайын еңсеру мақсатында жоспардағы қолға алынуы тиіс жобалардың бірі. Бұрғылау жұмыстары жыл көлемінде жалғасын табатын болады.

Өткен жылы аудан аумағын қуаңшылық жайлап, дария суының тартылуына байланысты Қамбаш көлі жағадан жарты шақырымдай алыстап кеткен болатын. Бұл жағдайлардың барлығы шаруаларға кері әсерін тигізді. Жайылымдық жерлерді суландырып, көлдер жүйесін қайта қалпына келтіру мақсатында "Бұрмақұлақ" арнасы бөгеліп, "Аспай" суағытқысы іске қосылған болатын. Енді міне нәтижесінде Қамбаш көлі қайта қалпына келді. Осы көлдің қазіргі деңгейін көру мақсатында аудан әкімі Шөмішкөл іргесімен Тоқбай көліне барып, жағдайды бағамдады. Көлдің қазіргі жағдайына байланысты жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану керектігін айтты.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

28 сәуір 2022 ж. 659 0