Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев: Менің басты міндетім – халықтың сенімін ақтап, елдің сұранысына сай қызмет ету

Нұрлыбек Нәлібаев: Менің басты міндетім – халықтың сенімін ақтап, елдің сұранысына сай қызмет ету

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдариядағы сапарында аудан активімен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады. Жиынға ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық мәслихат депутаттары және облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Сырдария ауданының ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы уақытта орындалуы қажет міндеттерді нықтап берді.

«Киелі топырағында Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Нағи Ілиясов сынды даңқты тұлғаларымыз туып өскен Cырдария ауданы бүгінгі күні ақ маржан – ақ күрішімен әлемге әйгілі. Облыстағы алғашқы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Жұмашұлы Ералиев ағамыз көркейтіп отырған Нағи Ілиясов атындағы ауыл республикамыздағы бірегей ауыл болып саналатыны белгілі. Аудан еңбеккерлерінің жыл сайынғы еселі еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Өткен жылы су тапшылығына қарамастан жақсы нәтижелер көрсете білді. Биыл да жоғары нәтижеге жетуге жұмыс жасау қажет, – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап, өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Актив отырысында қоғам қайраткерлері Ибрагим Абибуллаев пен Алмагүл Божанова аймақ басшысының ел игілігіне қызмет етіп, өңірді өркенді істерге жетелейтін жарқын жобаларды атқаратынына сенім білдіріп, елді татулық пен бірлікке үндеді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аудан әкіміне экономика салаларына, оның ішінде әсіресе инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет екенін айтты.
28 сәуір 2022 ж. 538 0