Күріш өнімін арттыратын жоба
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының жобалары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инновациялық жобалар конкурсында 32 млн теңге қаржылай қолдауға ие болды.
Конкурста жеңіп шыққан жобаның бірі – күріш қалдықтарын өңдеу барысында алынған биотыңайтқышпен топырақты құнарландырып, дақыл өнімділігін арттыруға бағытталған. Оны химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаев бастаған ғалымдар тобы жасапты. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, биотыңайтқыштар әзірлеу, топырақтың құнарлылығы мен сипаттамаларын жақсарту салаларын зерттеп жүрген жас ғалым 70-тен аса ғылыми жұмыс авторы.
– Инновациялық жоба арқылы күріш қалдықтарын қайта өңдеу кезінде алынған биотыңайтқышты пайдалану есебінен топырақ құнарлылығын арттырып, көкөніс және бақша өнімділігін еселеудің жолдарын дәлелдейміз. Қаржылай қолдауға ие болған идеяны Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылындағы «Тұрмағанбет» ЖШС-де іске асыру жоспарланып отыр, – дейді Н.Ахатаев.
Жоба нәтижесі аймақтағы органикалық егіншілік тұжырымдамасының дамуына әсер етпек. Жалпы ғалымдар егін шаруашылығын су тапшылығы және климаттың өзгеріс жағдайына бейімдеу технологиясына бет бұруымыз керектігін айтады.
– Су тапшылығынан күріш алқаптарын қысқарту туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Біздің жас ғалымдар жасап отырған жобаның негізгі мақсаты топырақ құнарын арттыру арқылы егістік көлемін ұлғайтпай-ақ көп өнім алуды көздейді. Осы арқылы ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін ұлғайту бастамасы өндіріске енгізіледі. Осындай ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы тың әдістерді іске асыруымыз керек, – дейді техника ғылымдарының докторы, агробиологиялық орталықтың бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов.
Бұл жобалар бойынша жұмыстар осы жылдың соңына дейін жүргізілмек. Биыл гранттық қаржыландыру конкурсына университеттен 17 жоба ұсынылыпты. Қазір іріктеуден өткен 6 жас ғалымның жобасы Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында жатыр.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
Қызылорда облысы
egemen.kz