Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты бақылауда

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты бақылауда

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов азық-түлік дүкендерін аралап, ондағы халықтың күнделікті тұтынатын 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылады.

Алдымен жеке кәсіпкер С. Саяновтың «Қуантқан» дүкенінде болып, әлеуметтік бұрышта орналасқан азық – түлік өнімдерінің бағаларын бағамдады. Қазіргі уақытта аталған дүкеннің әлеуметтік бұрышында ұн, нан, қант, макарон секілді өнімдер белгіленген бағада тұрақты түрде тұтынушыларға ұсынылуда. Сонымен қатар, аудан әкімі нысан жанынан салынып жатқан наубайхана құрылысымен де танысты. Кәсіп иесі наубайхана құрылысы біткен соң, нан өнімдерін халықтың игілігіне сатылымға шығаруды жоспарлауда.

Онан соң, аудан басшысы «Жақсат» коммуналдық базары маңынан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысып, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарымен қамтылуын тексерді. Мұнымен қоса, бүгінде әлеуметтік дүкенде халыққа қолжетімді бағада ет өнімдерін сату үйлестіріліп отыр.
Айта кетейік, аталған сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 10-20%-ға төмен бағамен халыққа ұсынылуда. Әлеуметтік дүкендегі өнімдер әр адамға белгілі бір мөлшермен ғана сатылады.

Аудан басшысы мұнан кейін «Саида» супермаркетіне барып, келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрышты көрді. Онда азық-түлік өнімдерінің 30 пайызы ғана сөреге қойылып, тұрақты сатылымға шығарылған. Аудан басшысы кәсіпкерге алдағы уақытта әлеуметтік бұрышта белгіленген азық-түлік өнімдерінің басым бөлігінің қамтылуы қажет екендігін айтты.

Аудан әкімі бірнеше сауда орталықтарын аралау барысында тиісті сала басшыларына және жеке кәсіпкерлерге, әлеуметтік дүкен иесіне халыққа ұсынылатын азық-түліктің қоры азайған уақыттан бастап қадағалап, орнын толтырып отыруды және оның сапасына баса назар аударып, нарық бағасынан төмен бағада сатылымға шығарылуын қатаң түрде қадағалауды тапсырды.
"Толқын" ақпарат

24 мамыр 2022 ж. 543 0