Референдум-2022: Әділетті қоғам құруға атсалысайық

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1995 жылы 30 тамызда референдум арқылы осы қолданыстағы заңымызды қабылдадық. Еліміздің басты байлығы – халық. Халық пен билік арасындағы қарым-қатынастың берік, бірлікте болуын мақсат еткен Ел Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған еді.
Конституцияға суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру сынды өзгерістер енгізілмек.
Сонымен бірге Президенттің ешқандай партияда болмауы, жақын туыстарының биік лауазымды қызметтерге қабылданбауы тәрізді нормалар енгізіліп, Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот пайда болды. Ендігі жерде азаматтық құқығы бұзылып, қиындық тудырған мәселені шешу барысында әрбір азамат аталған сотқа талап-тілегін айта алады. Халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру – басты мәселе. Сол үшін де заңымыз елдің артқан сенімінен шығатындай әділетті болуы керек. Айта кетерлігі, Мемлекеттік хатшы институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып өзгеріп, Мемлекет басшысына ұсыныстар мен ұсынымдар дайындаумен айналысады.
Жаңа Қазақстанды құру үшін елде белең алған сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күрес жүргізілуі тиіс. Ол үшін заңымыз әділ әрі мықты болса, жемқорлыққа жол бермеуге болады. «Өлім жазасын жою» туралы шешім конституциялық деңгейде бекітілмек. Президент осы тәрізді бірқатар конституциялық өзгерістерді жалпыұлттық референдум арқылы енгізуді ұсынды. Бұл егемен еліміздің Жаңа Қазақстанды құрудағы алғашқы қадамы болмақ. Ең бастысы, ел мүддесі ескерілу керек. Сондықтан әділетті қоғам қалыптасуы үшін барлығымыз референдумға түгел қатысайық, ағайын.
К. МАХСҰТ