Көк аспанда Күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бір ғасырдан астам тарихы бар атаулы мерекені тәуелсіз еліміз жыл сайын атап өтетіні белгілі. Иә, бұл мерекені көңілі пәк әр бүлдіршін асыға күтеді емес пе?! Шаттық пен қуанышқа толы мереке республика бойынша кең көлемде өткізілді.
Айдынды Арал өлкесі де балалар күнін ерекше ықыласпен қарсы алды. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов орталық алаңда мектеп оқушыларымен кездесіп, аймақ басшысының атынан сыйға берілген 50 велосипедті табыстады. Мұнан кейін қаламыздың орталық алаңында «Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!» атты салтанатты шара өткізілді. Атаулы шараға аудан әкімі С.Сағитжанұлы қатысып, бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі:
– Бүгінгі шуақты мерекелеріңіз құтты болсын! Жаңа Қазақстанның кемел келешегі мына өздеріңізбен бірге қалыптасады. Еліміздің нағыз патриоты болып өсіңіздер. Ата-аналарыңыздың көңілінің гүлі, көзінің нұры – өздеріңізсіздер! Сіздердің болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматы атануларыңызға тілектеспін! – деп жиналған қалың көпшілікке жылы лебізін білдірді.
Мектеп оқушылары арасында «Бақытты – балалық шақ» тақырыбында өткен суретшілер байқауында аудан әкімі кішкентай қатысушылардың шығармашылық жұмыстарымен танысты. Кейін байқау қортындысы анықталып, жеңімпаз суретші бүлдіршіндер марапатталды. Мұнан соң салтанатты шара ауданымыздан шыққан күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаумен жалғасты.
Сонымен бірге мереке барысында қалалық демалыс паркінде «Әрқашан күн сөнбесін!» атты шара өткізілді. Мерекелік шарада балабақша бүлдіршіндері өнер көрсетіп, тәтті үнімен жиналған бұқараны тәнті етті. Мереке аясында «Балалар игілігі үшін» атты республикалық акция ұйымдастырылып, балаларға тәтті балмұздақтар таратылды.
"Толқын" ақпарат