Өзгерістерді құптаймын

Халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Референдумнан жастармен бірге қариялар да қалыс қалған жоқ. Аралда таңмен таласа тұрып, таңдауын жасауға қала тұрғыны, зейнеткер Айымкүл Тойбазарқызы да келді. Референдум учаскесін алғашқылардың бірі болып аттаған зейнеткер:
– Ата заңға қатысты референдум тәуелсіз ел тарихында екінші мәрте өткізіліп отыр. Арада 27 жыл өтті. Қазір заманға сай өзгеріс қажеттілігі заңдылық. Амандық болса, енді ата заңның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіледі. Осылайша жаңа кезеңге қадам басқалы отырмыз. Елімізге тыныштық берсін. Алла шаңырағымыз шаттыққа толып, іргесі берік болсын. Осындай үлкен мәселе халықтың өз таңдауына беріліп, ел азаматтарының дауыс беру учаскелерінде дауыстарын беруі өте маңызды. Бұл біздің ұлт ретінде қалыптасқанымыздың жемісі деп білемін. Бұл реформалар жұрттың қызығушылығын оятты. Республикамыздың көк байрағы аспанда желбіреп, бүкіл елге үлгі көрсететіндей болса, міне, біздің басты мақсатымыздың орындалғаны деп ойлаймын. Ел мен жер үшін жақсы болсын деп ниет етіп, өзгерістерді құптаймын, – деді ағынан жарыла.
К. МАХСҰТ