Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық полицейлерге жаңа қызметтік көліктер берілді

Қызылордалық полицейлерге жаңа қызметтік көліктер берілді

Қызылордалық полицейлерге жаңа қызметтік көліктер берілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев полиция қызметкерлеріне салтанатты түрде жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыстады. Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Қызылорда облысы Полиция департаментінің автопаркі жаңа көліктермен толықты.

Автокөліктерді табыс ету рәсімі Қызылорда қаласының орталық алаңында өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдің учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері 92 бірлік қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. JPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады. Салтанатты шарада облыс әкімі Қазақстан полициясының 30 жылдығы мерекесіне орай құттықтау сөз сөйлеп, өңірде Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтті. – Полицейлердің кәсіби біліктілігімен бірге қызметіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түседі. Қазіргі кезде полиция органдары қылмыспен күресуде алдыңғы сапта тұрып, мезгілдің ыстық-суығына қарамай, күн демей, түн демей қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгін тапсырылатын автокөліктер алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш та, уайымсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі деп сенемін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жергілікті атқарушы орган тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтауға көрсетілетін қолдау жылдан жылға ұлғайып, бүгінгі күні оң нәтижесін беріп жатыр.

Облыста биыл тіркелген қылмыс саны төмендеген. Бұл ретте полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға сенім білдіремін. Құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияға қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғыс айтамын, – деп түйіндеді Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.

Қызылорда облысы қылмыс ең аз жасалатын аймақ ретінде тіркеліп, облыс қауіпсіз өңір деп танылды. Салтанатты рәсім орталық алаңдағы жаңа техника мен жеке құрамның шеруімен аяқталды.

baq.kz
13 маусым 2022 ж. 540 0